Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай жалпы отырыста несиелердің жылдық сыйақысы тым көп екенін айтып, оны түсіру мәселесін заңмен бекітуді ұсынды.
Өздеріңіз білетіндей, бізде кредиттің пайызы өте жоғары. Жылдық сыйақы мөлшері 2012 жылдан бері 56%-дан түскен жоқ. Бұл мәселенің Мәжіліс қабырғасында көтеріліп келе жатқанына 13 жыл болды. Тағы да ақымақ болып қаламыз ба деп қорқып отырмын. Өткенде жұмыс топтарында агенттік өкілдеріне жылдық сыйақы мөлшерін 42% деп бекітейік деп ұсыныс айттық. Бізді қолдағандай болды. Бүгін енді басшысы келіп, 50% деп қарастырамыз деп отыр. Неге 45% емес, неге 48% емес? Неге 50%? Мұны қалай зерттедіңіздер? Себебі неде? Бұл дегеніміз тағы да халықтың 40%-ы екінші деңгейлі банк акционерлерін байытып отыра береді деген сөз, - деді депутат.
Мақсат Толықбай тағы да лоббилерге жол ашып бергелі отырғанымызды айтып, дабыл қақты.
Қазір заң қабылданады. Қарастырамыз дейді. Бірақ ертең тағы да қалады. Біз мұны заңмен бекітіп алуымыз керек еді. Заңды қабылдағаннан кейін агенттік (Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі – ред.) тағы да ұшты-күйлі жоғалатын сияқты, - деп айтты мәжілісмен жиында.