Түркістан облысының полициясы кір жуатын ұнтақты заңсыз дайындаған жасырын цехты анықтады, деп хабарлады Paryz
Облыстық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Шымкент қаласында орналасқан заңсыз өнім дайындайтын цехтың қызметіне тосқауыл қойды.
Кентау қаласының 2 тұрғыны кір жуғыш ұнтақтың белгілі жазулары бар брендтерінің полиэтилен пакеттерін алып, оған қолдан жасалған сапасыз ұнтақтарды салған. Олар бұл әрекеттерін Шымкент қаласындағы үйді жалға алып, сонда жасаған.
Полиция тексеру барысында цехтан ішінде контрафактілік өнімі бар 300-ден астам қапты, сонымен қатар әрқайсысы 40 келі болатын белгісіз ұнтақ тектес заттың 13 қабын, ұнтаққа қосу үшін дайындалған тұз тәрізді заттың 5 қабын анықтады. Сонымен қатар электронды таразылар және тағы да басқа айғақты заттар тәркіленді.
Қазір жиналған материалдар Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментіне жолданды.