Жамбыл ауданында жас балаларға шабуыл жасаған күдікті қамауға алынды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов Instagram-парақшасында жазды, деп хабарлады Paryz.kz.
"Қазіргі уақытта ол аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамалды және оның қатысуымен тергеу әрекеттері жүргізілуде", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, құрықтау бойынша операция Алматы облысы, Қарасай ауданында өткен."Тергеу барысы менің жеке бақылауыма алынды. Өзге ақпарат Қазақстан Республикасы қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабының ережелеріне сәйкес жария етуге жатпайды", - деп хабарлады өңірдің бас полицейі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Алматы облысында белгісіз ер адам төрт баланы ұрып-соғып, азаптап, оларға пышақ салғаны туралы ақпарат тарағаны хабарланған. Telegram-дағы арналардың бірінде аталған оқиға Алматы облысының Жамбыл ауданында болғаны айтылады.
"Белгісіз ер адам төрт кішкентай баланы байлап, ұрып-соғып, азаптап, пышақтаған. Полицейлер күдіктіні анықтап, оны ұстау шараларын жүргізіп жатыр", - делінген жазбада.