Жетісу облысында кеңес өкіметі тұсында аталған ауылдардың сол күйі аты өзгермеді. Солардың қатарында Пенжім елді мекені де бар. Енді бұл ауыл Пиджим де, Пенжім де, Бенжім де емес, Атамекен деп аталатын болды.
Бұл жаңалықты облыстық мәслихат депутаты Гүлназ Мұстафа өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына салып, сүйінші сұрады.
Атауы түсініксіз ауыл Панфилов ауданында орналасқан. Жалпы сол өңірде мұндай елді мекендер көптеп кездеседі. Сол өңірдегі тағы бір ауыл - Лесновка елді мекеніне Талды атауы қайтарылады. Алакөл ауданының Жыланды ауылдық округіне қарасты Әшім ауылына да бұрынғы Төңкеріс атауы қайтарылады.
Осы аумақ халқының пікірін ескере келе, облыстық ономастика комиссиясы қорытынды жасады. Соның негізінде Жетісу облысының әкімдігі қаулы етіп, Жетісу облыстық мәслихаты шешім шығарды.
Сонымен қатар Талдықорған қаласының 9-шағын ауданы - «Құлагер», 10-шағын ауданы «Әл-Фараби» деп аталатын болды. Ал қаладағы Ворошилов пен Невский көшелері бұдан былай Нұрғиса Тілендиев, Абдұлхақ Абдұлхалықовтың атын алады.
Ал «Шайқорған» мен «Балауса» деп аталатын құрамдас бөлігіндегі барлық көшелерге жаңа атаулар берілді. Өйткені, олар осы күнге дейін тек реттік сандарымен ғана айтылатын. Бұл - облыстық мәслихаттың сессиясында қаралған тағы бір мәселе.