"Тарифті ұлғайту жоспарда бар. Неге екенін түсіндірейін. Тариф 2013 жылдан бері он бір жыл бойы өзгерген жоқ. Былтыр 20%-ке көтерілді. Сосын біздің тарифті басқа елдермен салыстырыңыздаршы. Егер Қазақстанда 1 теңге 20 тиын болса, Ресейде теңгеге шаққанда – 7 теңге", - дейді Қарабаев сенат кулуарында.
Оның айтуынша, жолдың сапасы жақсы болуы үшін оған күтім қажет.
"Ал сіздер жолды салық төлеушілер есебінен емес, ҚазАвтоЖол бюджетінен күтіп ұстағанды қалайсыздар. Сол себепті жалғыз жол – ақылы жолдардың тарифін көтеру", - деп түсіндірді көлік министрі.
Қарабаев ақылы жолдардың тарифі көп көтерілмейді деп уәде берді.
"Кейбіреулері екі-үш есеге өсірейік деп жатыр. Бірден айтамын, тариф екі-үш есеге көтерілмейді, бірақ белгілі бір пайызға қымбаттайтыны анық. Біздің мамандар жолды күтіп ұстауға қанша қаражат қажет, соны ескеріп есептейді. Қосымша 1 100 техника сатып алу керек", - деді ведомство басшысы.
Министр ақылы жолдардың тарифін көтеру мәселесі қоғам талқысына шығарылатынын атап өтті. Талқылауды наурыз айынан бастау жоспарланып отыр.