БҚО көпбейінді балалар ауруханасының дәрігері Гүлсім Жұмағалиева ұшақ бортында 1,6 жасар сәбиге қажетті көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалды.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 11 ақпан күні Алматы – Орал бағыты бойынша ұшып келе жатқан FlyArystan әуекомпаниясының №7169 рейсінің бортында диспансерлік есепте тұрған ұл бала ауырып, тыныс алуы және жүрек соғысы тоқтап қалды.
«Жолаушы ретінде ұшақ бортында болған облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігері дереу баланың жағдайын бағалап, алғашқы реанимациялық көмек көрсетті. Аман қалған балаға дәрі-дәрмек тағайындалып, медициналық көмек көрсетілді. Сәбидің жағдайы тұрақталды және Орал қаласының әуежайына тоқтағаннан кейін бала жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Қазір үйінде», - деп хабарлады ведомстводан.
Көпбейінді балалар ауруханасының жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі, дәрігер-неонатолог Гүлсім Жұмағалиева мұны ерлік деп есептемейді.
«Ұшақ бортында сондай оқиғаның болғаны рас. Салон қараңғылау болды. Соған қарамастан, барлық қолдан келген шараны жасадым. Бұл ең алдымен балаға дәл сол сәтте дәрігерді тап қылып, Алла тағаланың қарасқаны деп санаймын. Қандай жағдайда болмасын, адамға қолұшын беру – дәрігерлік борышымыз», - деді Г.Жұмағалиева.
«Қазір баламның жағдайы жақсы. Гүлсім Минахқызына алғысымды білдіргім келеді. Ол балама алғашқы көмек көрсетіп, екті. Ұшақтан шыққанша маған жәрдемдесті. Оған мың алғыс. Ұлым 1,6 жаста, демікпемен есепте тұрады», - деп жазды баланың анасы БҚО Денсаулық сақтау басқармасының Instagram-дағы парақшасына.