Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев педофилдерді хирургиялық кастрациялау қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Жаңа ғана отырыста хирургиялық кастрация бойынша айттым. Бізде норма болды, оны ұсындық. Бірақ Үкімет қолдамады. Оны педофилдің жеке өміріне қолсұғушылық деп таныды. Бізде қазір биологиялық, химиялық кастрация бар. Біз педофилдерге қатысты хирургиялық кастрацияны ұсынып отырмыз. Педофилдер өмір бойына бас бостандығынан айырылатын норма енгіздік. Ал хирургиялық кастрацияны енгізу қажетін айтып отырғаным, ертең жаңа Парламент пен депутаттар жаңа заң қабылдап жатса, педофилдердің бостандыққа шығып кетпеуіне ешқандай кепілдік жоқ. Екіншіден, бұл педофилдерге осындай жаза қолданылу алдын алуға септігін тигізеді», - деді Елнұр Бейсенбаев.
Депутаттың айтуынша, хирургиялық кастрацияны қолдануды сот шешеді.
«Балаларға қатысты қатыгез зорлық-зомбылық болса, сот хирургиялық кастрация жайлы шешім қабылдай алады. Ал бізді Үкімет қолдамады. Халықаралық конвенция бойынша бұл азаптау болып саналады. Алайда біз міндетті түрде хирургиялық кастрацияны енгізу жайлы айтып отырған жоқпыз. Қажет болған жағдайда сот осындай шешім шығара алады. Бұл педофилдермен күресудегі алдын алу шарасы ғана», - деді Бейсенбаев.
Оның айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша балаларға қатысты 430 зорлық-зомбылық болған, жыныстық зорлық бойынша 800-ден астам қылмыс тіркелген.