Ақтөбе полициясы мектептердің бірінде террорлық акт болатыны туралы жалған хабарлама берген оқушыны анықтады, деп хабарлады Paryz.kz.
Оқиға кеше сағат 10:00-де болған. Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша 112 телефон нөміріне белгісіз біреу қоңырау шалып, мектептердің бірінде террорлық акт болатыны, оқушыларға қауіп төніп тұрғаны жайлы айтқан. Жедел қызметтер білім ордасына дереу жетіп, хабарламаның жалған екенін анықтады.
«Полиция қызметкерлері мән-жайды зерттеу кезінде қоңырау шалушыны анықтады. Ол мектептің жоғары сынып оқушысы болып шықты. 16 жастағы жасөспірім сыныптасының телефонын пайдаланған. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Бұл бап бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Сонымен қатар кәмелетке толмаған баланың ата-анасы да жауапқа тартылады. Әрі жалған хабарлама кезіндегі жедел қызметтің шығынын өтейді», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.