Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Қызылорда облысында «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылатын болды

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім беру ұйымдарының жай-күйі туралы кеңейтілген мәжілісте биылдан бастап өңірдің барлық елді мекеніндегі клубтар мен мәдениет үйлерінен жас ұрпақты отаншылдық және мемлекетшілдікке, патриоттыққа тәрбиелейтін үйірмелері бар «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылатынын айтты, деп хабарлады Paryz.kz. 

Қызылорда облысында «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылатын болды
Фото: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Бұл орталықтарда балалардың қабілеті шыңдалады, сырдариялық жас өнертапқыш Асылжан Абдуллаев, батыр жеткіншек Арман Аманжоловтай патриоттардың үлгісі насихатталады.

«Күні кеше республикалық телеарналардан Сырдария ауданының 11-сынып оқушысы Асылжан Абдуллаевтың жасанды интеллектті алғаш болып қазақша сөйлеткені туралы ақпарат жарияланды. Ауыл баласының ұшы-қиыры жоқ ғаламтор кеңістігіне жаңашылдық әкелгені көпті таң қалдырды. Мектепті биыл тәмамдайтын жас технократқа қазірдің өзінде еліміздегі 3 жоғары оқу орны – Астана ІТ университеті, СеулТех университетінің Қызылорда қаласындағы филиалы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті грант ұсынуда.
Бүгінгідей мүмкіндіктер дәуірінде біздің жеткіншектеріміздің жарқырай көрінетініне, биіктерге ұмтылатынына ұстаздар да, ата-аналар да, бәріміз сенім артамыз, қолдау көрсетеміз.
Барлық бала Асылжандай жас өнертапқышқа, Қызылорда қаласында құдыққа түскен екі жасар сәбиді құтқарып қалған Арман Аманжоловтай патриот ұлдарымызға қарап, бой түзеуі керек», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс әкімі жасөспірімдер тәртібі мәселесіне тоқталып, қылмыстың алдын алу және болдырмауға қатысты іс-шараларды жандандыруды талап етті.

«Білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуын, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын келеңсіздіктерді түбірімен жоюымыз қажет. Сондықтан осы жиынға облыстық полиция департаменті арнайы шақырылды. Мемлекет басшысы: «Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, Адал азамат болып шығуы керек», – деді.

Бүгінгі мәжіліске әр ауданнан ардагерлер, қоғамдық кеңес, әйелдер кеңесі төрағалары мен өкілдері арнайы шақырылды. Бала тәрбиесіне тек ата-ана, мұғалім ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек. Оқушылар мен жастарымызға зиялы қауымның, ақсақал-абыздарымыздың сөзі өтімді болуы тиіс. Бұрынғыдан бізге жеткен «жастай берген тәрбие – жас шыбықты игендей» деген сөз бар. Бұзақылықтың себебінің бірі – бос уақыттың көп болуында. Ювеналды полиция бөлімшесі жұмысының тиімділігіне жан-жақты талдау жасалу керек», – деді Н.Нәлібаев.

Еске салсақ, өткен жылдың ақпан айында «Отбасы – тәрбие бесігі» тақырыбында облыстық ата-аналар кеңесі өткізілді. Бұл жұмыстар қала, аудан, ауылдарда жалғасын тапты. Дегенмен, әзірге нәтиже көңіл көншітпейтінін атап өткен аймақ басшысы осы бағытта әрі қарай да шаралар қабылдау қажеттігін қаперге салды.