Заманбек Нұрқаділовтің ескерткіші мектептің алдына қойылатын болды

Алматы облысының Кеген ауданында ҚР Қоғам және мемлекет қайраткері Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш орнату жұмыстары бойынша алғашқы басқосу өтті, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап. 

Заманбек Нұрқаділовтің ескерткіші мектептің алдына қойылатын болды
Фото: dalanews

Жиын барысында Заманбек Қалабайұлына қойылатын ескерткіштің орнын белгілеу, ескерткіштің жер учаскелерін таңдау схемаларының орналасуы туралы сөз қозғалды.

«Көпшіліктің пікірін ортаға сала келе Кеген ауылының көрнекті жері - жаңадан бой көтеретін Кеген өнер мектебінің алдынан саясаткердің ескерткішін орнату жоспарлануда», - деді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Саясаткерге ескерткіш орнату туралы ұсынысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан еді. Биыл қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың туғанына 80 жыл толды. 

Еске салайық, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов осыдан 19 жыл бұрын өмірден өтті. Саясаткер 2005 жылдың 12 қарашасында кешкісін Алматыдағы үйінде жұмбақ жағдайда қаза тапты.