Жастарды бопсалаумен айналысқан қылмықтық топтар ұсталды (ВИДЕО)

Павлодар және Шымкент қалаларында жастарды бопсалаумен айналысқан қылмыстық топтар ұсталды, деп хабарлады  Paryz.kz. 

Жастарды бопсалаумен айналысқан қылмықтық топтар ұсталды (ВИДЕО)
Фото: polisia.kz

23 қаңтарда Павлодар және Шымкентте жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында бопсалау, тонау, алаяқтық және адамды заңсыз ұстаумен айналысқан жастардан құралған қылмыстық топтар ұсталды.

Павлодар облысының ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы 5 адамнан тұратын қылмыстық топты анықтады. Олар – 18-23 жаста.

Қылмыстық идеологияның әсерінен күдіктілер құрдастарын оқу орындары мен жатақханаларда, сондай-ақ сауда және ойын-сауық орталықтарында ұстап, күш қолданған. Осылайша, олар онлайн қосымша арқылы жастарға несие рәсімдетіп, ақшасы мен тауарларын тартып алып отырған. Олар адам бопсалады, тонады және алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Қылмыстық топтың барлық мүшесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы Қуандық Алпыс.

Сонымен қатар Шымкентте 24 жастағы жастардан тұратын тағы бір қылмыстық топ ұсталды.

Олар өздерін полицей ретінде таныстырып, жәбірленушілерді қорқытып, ұрып-соғып, заңсыз ұстап, ірі көлемде ақша бопсалаған. Қылмыстық топтың барлық мүшесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деді Қуандық Алпыс.

Бұл деректер бойынша сотқа дейінгі тергеуді Шымкент және Павлодар облысының полиция департаменттері жүргізіп жатыр.

Күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденсе, олар 3 жылдан 7 жылға дейін сотталуы мүмкін.