Үкіметте Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасын таныстыру аяқталды. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату, сондай-ақ отбасылар мен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құру жөніндегі барлық түзетулер Үкімет қорытындысында қолдау тапты, - деді Зәкиева.
Оның сөзінше, заң жобасы енді Мәжілісте талқыланады.
Үкіметтің қорытындысы – заң жобасымен жұмыс істеудің маңызды және көп уақыт алатын бөліктерінің бірі (оң қорытынды шықпаса, іс жүзінде норма қабылданбайды). Сондықтан кейінгі бірнеше ай бойы, демалыс күндерінде де ПА, Премьер-министр кеңсесі, Әділетмині, БП, ІІМ, Еңбекмині, ЕХӘҚМ-індегі әріптестеріммен норманы ұсынылған түрде қолдау және ол құқық қолдануда тиімді болуы үшін баптардың редакцияларымен жұмыс істедік, - деп айтты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Зәкиеваның сөзінше, 2023 жылы қыркүйекте AMANAT-тың Мәжілістегі фракциясында және Бас прокуратурада таныстырған балалар қауіпсіздігі мәселелері бойынша енгізілген 40-тан астам түзету үкіметтен қолдау тапқан.
Олар мыналар:
- балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін татуласу мүмкіндігін алып тастау және жазаны қатаңдату: азаптау (баптың жаңа редакциясы), қатыгездік, денсаулыққа ауыр, орташа зиян келтіру, кәмелетке толмағанды ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру үшін;
- зорлық-зомбылықты криминализациялау, яғни балаларға қатысты ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу (заң жобасы аясында ересектерге де қатысты);
- бала зорлау үшін бас бостандығынан өмір бойына айыру;
- балаға жыныстық сипатта тиісуге қатысты бап енгізу;
- балаға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша тергеу әрекеттері кезінде қамауда ұстау;
- балаларға қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялауды енгізу (МӘМ, лагерьлер);
- баланы автобустан мәжбүрлі түрде түсіріп тастау үшін; буллинг үшін жауапкершілік енгізу;
Профилактикаға қатысты:
- отбасыларға, балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құру (Отбасын қолдау орталықтарын, Балаларды психологиялық қолдау орталықтарын ашу);
- қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға көмек көрсетуді ұйымдастыру құзыретін бекіту;
- агрессормен психологиялық жұмыс (ҚК-ке ерекше талаптар институтын енгізу аясында);
- зорлық-зомбылыққа, буллингке ұшыраған балаларға көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу құзыретін енгізу.