Прямая трансляция

Астана

Астана

-1.03°C

Оралда тарақан уламақ болған тұрғын көршілерін қырып ала жаздады

Оралда тұрғын тарақандарды улау үшін көршілеріне ескертпестен пәтеріне у шашқан. Соның салдарынан көпқабатты үйдің тұрғындары химиялық заттан улану салдарынан жедел жәрдеммен эвакуацияланды, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Оралда тарақан уламақ болған тұрғын көршілерін қырып ала жаздады
Фото: Медет Медресов

«Мой город» порталының жазуынша, оқиға 19 қаңтарда 1-завокзальный көшесіндегі №61 үйде болған. Пәтерін тарақан басты деген тұрғындардың бірі өзгелерге ескертпестен дәрі шашып, өзі кетіп қалған.  

Оқиға салдарынан бес адам облыстық жедел жәрдем станциясының бөліміне жеткізілді. Алайда көршілерінің айтуынша, зардап шеккендер саны бұдан да көп, оларға тіпті тікелей жедел жәрдем көлігінде көмек көрсетілген.

Надежда есімді тұрғын иісті кейін сезінгенін, алғашында әлсіреп, шуылдап, тыныс алуы қиындап кеткенін айтты. Одан кейін бес жасар қызы ерте ұйықтап қалған, содан секемденген ол жедел жәрдем шақырған. 

«Дәрігерлер келіп, әлдебір ащы иістің шығып тұрғанын айтты. Қарасам, қызым әлсіреп барады, артыншы бізді шұғыл түрде эвакуациялады. Олар бізге бірден оттегі беріп, ине салып, тамшылатып дәрі құйды. Мен үрейленіп, барлық терезе мен есіктерді аштым. Үйімде үй жануарлары бар еді, оларды балконға шығардым, олар да әлсіреп тұрды. Мен тарақанды улауды жоспарлаған кез келген адамның өз көршілеріне ескертуін сұраймын, өйткені бұл өте қауіпті әрекет. Біз кәдімгідей күйзеліске түсіп, шошынып қалдық, кеңірдемізді күйік шалғандай әсерде жүрміз, әлі де сөйлеу қиын болып тұр. Жауырыным ауырып, тамағым ісіп тұр», - деп шағымданады келіншек.

Денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен бес адамға қажетті көмек көрсетіліп, келесі күні амбулаторлық емдеуге жіберілгенін хабарлады. Батыс Қазақстан полиция департаменті де жағдайға қатысты түсініктеме беруге уәде берді.