Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

«Обыр, инфаркт, суицид, ажырасу көбейді»: мамандар 1 сағат алға жылжыған уақытпен өмір сүрудің зияны жайлы

Қазақстан халқы бір ғасырға жуық «қате» уақыт белдеуімен өмір сүріп келген. Ғалымдардың пікірінше, осыдан 94 жыл бұрын алдыға жылжытылған уақыт белдеуімен уақытты есептеп келдік. Уақытты есептеу сағаты алдыға жылжытылғандықтан көптеген аймақтарда адамдар ерте тұруға мәжбүр болды.

«Обыр, инфаркт, суицид, ажырасу көбейді»: мамандар 1 сағат алға жылжыған уақытпен өмір сүрудің зияны жайлы
Коллаж: Azattyq Ruhy

Бұл ұйқының қанбауына, стресстің артып, обыр, инфаркт, инсульт, суицид, тіпті, ажырасулардың көбеюіне де әсер етеді екен. Еліміз енді бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. Өзгеріс 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі. Сауда және интеграция министрлігі осы жаңалықты жариялаған соң, оқырманның көбі ақпаратқа қатысты сан сауал жолдады. Azattyq Ruhy тілшісі осы ретте санаға сағаттық белдеудің әсері мен өзгеріске қатысты туындаған сауалдарға жауап алу үшін мамандардың пікірін тыңдап көрді.   

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДА ТИІМДІ 

Үкімет қаулысына сәйкес, елімізде екі уақыт белдеуі UTC+5 және UTC+6 қолданылады. Іс жүзінде республика аумағы төрт географиялық уақыт белдеуінде орналасқан: UTC +3, UTC +4, UTC +5, UTC +6.

«Біріншіден, бұл өзгерістің экономикалық тұрғыдан пайдасы бар. Екіншіден, оның мағынасын қарастыратын болсақ, мәселен, Қазақстанның шығыс аймағын UTC+6 белдеуімен өтеді, басқа жерде ондай уақыт белдеуі жоқ. Негізгі Қазақстанның уақыт белдеуі – UTC+4 және UTC+5. Бірақ, дұрыс қарастыратын болсақ, әрі белдеулерді созатын болсақ, UTC+5 дәл келіп тұр.

Енді бұл өзгеріс адам ағзасына қалай әсер етеді? Адамның ағзасына ұйқы не үшін керегін бәріміз білеміз. Яғни, түн – адам ағзасы өзінің регенеративтік процестерін өткізіп, демалатын уақыт. Бірақ адам баласы UTC+6-да ұйықтайтын болғандықтан, оның түнгі уақыты бір сағат қысқарып отыр. Былай қарайтын болсақ, регенеративті процестер бір сағатқа кем өтіп жатыр. Соны ғылыми тұрғыда қарастыратын болсақ, 1 сағат дегеніміз не? Ол күн сайын бірінің үстіне бірі қабаттаса беретін проблема. Бұл 30-40 жылда үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Сондықтан біздің елде обыр, инфаркт, инсульт, суицид, тіпті, ажырасулардың көбеюіне де әсер етеді», - деді ғалым, биотехнолог Әмір Қуат.

ТАБИҒИ УАҚЫТПЕН ӨМІР СҮРУ СТРЕСС ЕМЕС

Сағаттық белдеулер мәселесін 10 жылға жуық уақыт зерттеген хронобиология маманы Болат Нұрхожаев бұл өзгеріс бойынша, адам табиғи уақытқа сай өмір сүретінін айтады. Ғалым, наурыздан бастап енгізілетін уақыт белдеуін дұрыс шешім деп санайды.

«Біз 17 облыс пен 3 қаланың уақытын табиғи уақытқа бір рет көшіреміз, басқа ешқандай мәселе жоқ. Біз 1930 жылы алға жылжып кеткен бір сағат уақытпен өмір сүріп жатырмыз. Көп адам оны білмейді», - деді Болат Нұрхожаев.

Маманның сөзінше, жаңа уақыт белдеуі ел астанасының табиғи уақыт көрсеткішіне сай.

«Жалпы бесінші сағат белдеуі деген – Астана мен Шығыс Қазақстанның табиғи уақыт белдеуі. Біз соны қайтарайық деп жатырмыз. Әлеуметтік желіде көптеген сұрақ болды.Табиғи уақытқа көшкен зиянды екені туралы пікірлер тарап жатыр. Бірақ бұл – ғылымның мәселесі. «+5» деп аталатын уақыт белдеуі елдегі 17 облыс пен 3 қалаға теңестірілген қаланың уақыт белдеуі болады. Оны есептеу оп-оңай. Кезінде оны 6-шы сыныпта оқыдық. Яғни, кез келген қаланың бойлықтағы координатын алып,15 градусқа бөлсек, сол өңірдегі сағат белдеуі шығады. Оны ұялы телефондағы координаттармен қарап,15 градусқа бөлу арқылы кез келген адам есептей алады», - деді маман.

Елімізге бірыңғай уақыт белдеуін орнатуды уақытты есептеу мәселелері жөніндегі жұмыс тобына кірген қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар ұсынған. Оның құрамына ғылыми институттардың, медициналық жоғары оқу орындарының, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары және тағы басқада жауапты мамандар кірді.

Бұл ретте жұмыс тобы халықаралық тәжірибені саралап, әлемнің 175 елінде біріңғай уақыт белдеуі қолданылса, 22 мемлекет бірнеше уақыт белдеуінде екенін анықтаған.

«Мысалы, біз қазір +5-ке көшсек, Алматы мен Астанада жарты сағат айырмашылық болады. ШҚО-да жарты сағат, Қостанайда 1,5 сағат болып еді, енді айырмашылық жарты сағат болады (табиғи уақыттан – ред.). Яғни, бұл өзгерістен кейін Қазақстанның көп облысы өзінің табиғи уақытына ауысады», - деп түсіндірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Аманжолұлы.

Сондай-ақ сарапшылар біріңғай уақыт белдеуін белгілеу еліміздің әр өңірінің тұрғындары арасындағы уақытша кедергілерді жойып, көлік және басқа да коммуникацияларды үйлестіруді жақсартып, бизнесті жүргізуге, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылына оң әсерін тигізеді деген сенімде.

«2017 жылы АҚШ-тың үш профессоры – Майкл Янг, Джеффри Холл, Майкл Росбаш Нобель сыйлығын алған. Олар адам ағзасындағы биологиялық сағаттың генетикалық тұрғыдан қадағаланатынын дәлелдеп түсіндіріп кеткен. Неге адам ағзасы күн сәулесімен дұрыс, синхронды байланыста болуы керек? Адам ағзасында, әр жасушада CRY деп аталатын ақуыз бар. Адам дүниеге келгеннен соң, дәл сол ақуыз күннің сәулесімен қозады да, биологиялық сағаттың жұмыс істеуіне итермелейді. Сондықтан UTC+5-ке көшудің адам ағзасы үшін маңызы зор», - деді ғалым, биотехнолог Әмір Қуат.

ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫ ТҰТАС 5 -ШІ УАҚЫТ БЕЛДЕУІНЕ КӨШЕДІ

«Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнатылады. Осылайша, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына 5-ші уақыт белдеуі (UTC+5) қолданылады.

Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа шегеріледі.