10.01.2024, 10:54

Кісі өлтіру, тонау, бопсалау: Қазақстанда 15 қылмыстық топтың көзі жойылды

Фото: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2023 жылы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы баяндады, деп хабарлады Paryz.kz. 

Ведомствоның баспасөз қызметі атап өткендей, қоғамдық қауіпсіздікке қылмыстың ұйымдасқан түрі тарапынан төнетін қатерлерге қарсы іс-қимыл бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр.

«2023 жылы ҰҚК полиция органдарымен бірлесіп 15-тен аса қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. Тінту кезінде бұл топ мүшелерінен оқ ату қаруы, ақшалай заттар, есірткі заттары мен олардың құқыққа қайшы әрекеттерінің өзге де заттай дәлелдемелері алынды», - делінген хабарламада.

Жалпы кісі өлтіру, тонау, бопсалау, қарақшылық және басқа ауыр қылмыстар жасады деген күдікпен 98 адам ұсталып, олардың 40-ы сотталды. Қалғандарына қатысты әлі де сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бойынша іс-шаралар жалғаса бермек.