Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Пойыз уақытынан кешіксе айыппұл төленеді - ҚТЖ

Қазақстандағы темір жол магистралінде пойыздардың кешігуі жиіледі. Бұған темір жолдың тозғаны мен ауа райының қолайсыздығы тікелей себеп. Пойызын сарылып күткен жолаушылардың құқы қандай, Sputnik Қазақстан сайтынан оқыңыз.

Пойыз уақытынан кешіксе айыппұл төленеді - ҚТЖ
фото: ҚТЖ

Пойыздар кешіккен жағдайда билет құнын қайтарып алу заңмен жүзеге асырылады.

"Пайдаланылмаған жол жүру құжаттарын, яғни билетті қайтару кезіндегі төлемдер және пойыздардың кешігуі үшін өтемақылар алу Қазақстан Республикасының темір жол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және почта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидаларына сәйкес жүргізіледі", - дейді "Қазақстан" темір жолы ҰК АҚ баспасөз қызметі.

 

Пойыз кешіксе компания айыппұл төлейді

ҚР теміржол көлігі туралы заңының 80-бабына сәйкес, пойыз уақытынан кешіксе жолаушыларға өтемақы төленеді.

"Жолаушы пойызы бағытталған теміржол станциясына кешiгiп келгенi үшiн тасымалдаушы айыппұл төлейді. Онда да пойыз компанияның салдарынан кешіксе. Жолаушының шеккен залалын өтей отырып, оған кешiккен әр сағат үшiн жол билет құнының 3% мөлшерiнде айыппұл төлейдi", - ведомство.

Өндiрiп алынған айыппұлдың көлемі билет құнынан аспауға тиiс. Жолаушы пойызының кешiккенi үшiн айыппұл төлеу тасымалдау ережелерiне сәйкес жолаушының өтiнiшi бойынша жүргiзiледi. Одан бөлек, жолаушы кассаға өзінің билетін көрсету қажет.

Егер пойыз уақыты ауысып жатса...

Жолаушының пойызы немесе вагоны ауысқан жағдайда жолаушыларға жол жүру құнының айырмасы төленеді. Ал жол жүруден бас тартқан жолаушыларға билетінің толық құны қайтарылады.

"Алайда, табиғи апаттар немесе өзге де салдардан пойыздар кешігіп жатса онда компания айыппұл төлемейді. Себебі, бұл кідіртулер азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалады және бұндай жағдайда компанияның атынан жолаушылар ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі", - дейді ҚТЖ.

Қазіргі күні де пойыздар кешігіп жатыр, бірақ ары кетсе бір сағатқа. Бұның бәрі қазіргі ауа райына байланысты, дейді ведомство.