Алматы – Ақтөбе пойызында Малика есімді сәби дүниеге келді, деп хабарлады "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.
Нәрестенің анасына босануға жолсеріктер көмектескен.
"Жедел жәрдем келгенге дейін пойыздың жолсерігі Ғалия Қабдрахманова анаға қажетті көмекті көрсетті. Сағат 14.27-де жас ана қызын аман-есен босанды", - делінген хабарламада.
Пойыз Жем станциясына келгенде жолсеріктер нәресте мен анасын жедел жәрдем қызметкерлеріне табыстады. Қыздың есімі – Малика. Жалпы соңғы үш жылда жолсеріктердің көмегімен пойызда 11 нәресте аман-есен дүниеге келген.