Әлеуметтік желіде Алматыда апатқа ұшыраған автобус жүргізушісіне қатысты іс қозғалғаны туралы ақпарат тарады. Аталған жайтқа қатысты қалалық Полиция департаменті түсінік берді, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Бұрын хабарланғандай, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша Алматы қалалық ПД анықтау Басқармасымен ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі, 351-бабы 3-бөлігі және 293-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Айта кетейік, қоғамдық көлік жүргізушісі К.есімді азаматшадан, жәбірленуші ретінде қылмыстық істер аясында жауап алынды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ тиісті сараптамалар тағайындалып, оның қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданатыны айтылған.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың 22 желтоқсанында №47 автобустың жүргізушісін жолаушы соққының астына алды, салдарынан автобус аялдамадағы бір топ адамды қаққан болатын. Сол жерде үш адам қаза тауып, тағы бірнеше адам жарақат алды.