Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Ақтауда 600-ден астам аққу өліп жатыр

Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы 601 аққудың қырылғанын растады.

Ақтауда 600-ден астам аққу өліп жатыр
фото: Үстірт қорығы

Ведомство басшысы Ғаббас Досатовтың айтуынша, өлген құстардың саны туралы ақпарат күн сайын жаңарып отыр.

2023 жылғы 21 желтоқсанда Қаракөл көлінде аққулар өлгені туралы алғашқы хабарлама түсті. 6 қаңтардағы жағдай бойынша біз 601 аққу өлгенін анықтадық. Қырылған аққулардың 90%-дан астамы – жас, - деді Ғаббас Досатов әкім Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте.

Бастапқы сынақтардың нәтижелері аққулардың құс тұмауынан өлуі мүмкін екенін анықтады.

H5N1 азиялық штаммы табылды. Бұл вирус адамдарға қауіпті емес, құстарға көбірек әсер етеді. Ал басқа жануарлар оны симптомсыз алып жүреді, - деді АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин.

Маманның айтуынша, облыстың ветеринарлық қызметтер жеке қосалқы шаруашылықтардағы үй құстары арасындағы эпизоотиялық жағдайға күнделікті мониторинг жүргізіп жатыр.

Өңір басшысы құстардың өліміне қатысты жағдай егжей-тегжейлі тергеуді қажет ететінін айтты.

Экологтар мен құзыретті мамандар проблеманың көзін бірге тауып, бұл жағдай ары қарай тарап кетпес үшін шаралар қабылдауы керек, - деді Нұрлан Ноғаев.

Қаракөл көлі – Қазақстанның қорғалатын орнитологиялық орындарының бірі. Онда ондаған мың құс қыстайды. Бір жыл ішінде құстардың 80-нен астам түрі қоныс аударады. Олардың ішінде аққулар мен бүркіттер де бар. Бұл сулы-батпақты алқапта жылдың әр мезгілінде суда жүзетін және су маңындағы құстардың 175 түрі, оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген құстардың 21 түрі мекендейді.