Атырауда тұрғын үйдегі газ-ауа қоспасының жарылысынан зардап шеккен отбасының тағы бір мүшесі қайтыс болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан үш айлық сәбидің қайтыс болғанын мәлім етті, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Кеше, 5 қаңтарда кешкі мезгілде облыстық балалар ауруханасында 2023 жылғы сәби көз жұмды. Қазір аурухананың жансақтау бөлімінде күйік шалған тағы бір бала жатыр», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, 2 қаңтар күні Атырау қаласы Көкарна ауылындағы тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, салдарынан бес адамды күйік шалып, ауруханаға жатқызылған еді. Оның үшеуі – ересек, екеуі – бала.
Кейін тұрғын үйдегі жарылыстан зардап шеккен 5 адамның 2-еуі көз жұмғаны белгілі болды. Одан бөлек сол үйдің келіні облыстық ауруханадағы жансақтау бөлімінде жатыр. Денесінің 80 пайызын күйік шалған екі баланың да жағдайы ауыр екені хабарланған.