Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

«9-20-25» жаңа бағдарламасының қатысушылары жастар болмақ – министр

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жастарға қандай қолдау көрсетілгенін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz. 

«9-20-25» жаңа бағдарламасының қатысушылары жастар болмақ – министр
Коллаж: Azattyq Ruhy

«Биыл «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға тұжырымдамалық түзетулер енгізілді. Бұл заңның басты жаңалықтарының бірі – жастардың жасын 35 жасқа дейін ұлғайту. Осылайша, жастардың саны 3,7 миллион адамнан 5,7 миллион адамға дейін артты. 2023 жылы Жастардың даму индексі енгізілді. Бұл көрсеткіш мемлекеттік органдардың жастармен жұмысының және олардың мәселелерін шешудің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілді. Онда ауыл жастарымен жұмыстан бастап патриоттық тәрбиеге дейінгі 7 бағытты қамтиды», - деді Балаева.

Министр атағандай, тұжырымдама аясында 80 іс-шарадан тұратын іс-қимыл жоспары қабылданды.

«Атап айтқанда, жастарға жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы бойынша 5,4 мың бизнес-жоба қаржыландырылды. 943 мың адам жұмыспен қамтылса, оның 467 мыңы – жастар. Дарынды жастарды мемлекеттік тұрғыда қолдау мақсатында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жыл сайын беріліп келеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы белгілеген «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында бизнес, ғылым, мәдениет, БАҚ және ақпараттық технологиялар саласындағы (жалпы сомасы 90 миллион теңгені құрайтын) 30 үздік жоба анықталды. «Отбасы банкімен» бірлесіп, «9-20-25» жаңа бағдарламасы әзірленуде, оның негізгі қатысушылары жастар болмақ», - деді министр.