Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Әбілқайыр хан туралы кітаптың Үндістаннан табылған көшірмесі елге жеткізілді

Әбілқайыр хан туралы кітаптың Үндістаннан табылған көшірмесі елге жеткізілді. Бұл туралы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында өткен «Үндістан қорларындағы Орталық Азия және Қазақстан тарихына қатысты көне қолжазбалар мен архивтік деректер» атты ғылыми семинар барысында белгілі болды, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Әбілқайыр хан туралы кітаптың Үндістаннан табылған көшірмесі елге жеткізілді
Фото: gov.kz

Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлағандай, семинарда «Архив-2025» жобасы аясында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Үндістаннан елге жеткізген тарихи қолжазбалар мен құжаттарды ғылыми айналымға енгізу, Үндістан қорларындағы әлі де анықталмаған Қазақстан және Орталық Азияға қатысты маңызды тарихи құжаттарды жинау және зерттеу мәселелері талқыланды. 

«Архив-2025» мемлекеттік жобасы  дүниежүзі қазақтарының тарихына  қатысты барлық деректерді жинауға жаңа мүмкіндіктер ашуда. Өткен жылы Үндістанға ұйымдастырылған ғылыми-зерттеу экспедициясы өте табысты өтті. Орталықтың мамандары, ғалымдар еліміздің тарихына қатысты көптеген құнды құжаттардың көшірмесін тауып, елге жеткізді. Бұл басы ғана. Себебі Үндістан архивінде қазақ тарихына қатысты мұралар өте көп жинақталған. Алдағы уақытта да жұмыстар жалғасатынына сенімдімін», - деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов.

Семинар барысында Қазақстандағы Үндістан елшілігі жанындағы Свами Вивекананда мәдени орталығының директоры Санджай Веди үнді елінің Патна кітапханасы қорынан табылған парсы тіліндегі «Тарих-и-Абул хаир хан» және «History of Mongols» кітаптарының көшірмесін  тапсырды.

«Ата-бабаларымыз ортағасырлардан бері мәдени байланысын үзген жоқ. Үнемі бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болғанын қазіргі Үндістанның архив, кітапхана қорларынан табылып жатқан тарихи құжаттар айқындайды. Бүгін Қазақстанның Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына екі кітаптың көшірмесін тапсырдық. Қазақстанның зерттеуші ғалымдары кітаптарды аударып, зерттеу жүргізсе көптеген құнды мәліметтер таба алады деп сенемін. Қазір ғана тарихшы, ғалымдардың қазақ пен үнді қарым-қатынасы туралы зерттеу жұмыстарын естіп өте қатты қуанып отырмын. Сіздерде мықты ғалымдар көп. Біз бір-бірімізге қолдау көрсету арқылы тарихты зерттеуде көптеген жетістіктерге жетеміз»,- деді Санджай Веди.

Сонымен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері, PhD докторы Өмір Оразұлы дала элиталарына арнайы жазылған ортағасырлық түркі медициналық трактаттарының көшірмесін тапсырды. Олардың қатарында Көшім ханның жеке дәрігері болған Сұлтāн Әлӣ әл-Хурасанӣдің «Дастӯр ал-‘илāж» («Емшілік дәстүрі») атты трактаты мен шайбанилердің ханы Абдаллатифтің жеке дәрігері Мулла Мухаммад Иусуфтың «Зубдат ал-каххалин» («Көз дәрігерлерінің қаймағы») еңбегі бар. Ғалым қазақ тарихына, оның ішінде халықтық медицина саласына қатысты құнды трактаттар Үндістан Республикасының қорынан анықталып, зерттелгенін мәлімдеді.

Семинар аясында 2022 жылы Үндістаннан елге жеткізілген құжаттардың «Үндістан Ұлттық архивіндегі қазақ көшіне қатысты құжаттар» көрмесі таныстырылды.