Леонардо Ди Каприо Қазақстандағы киіктер жайлы жазба жариялады

Голливудтың әйгілі актері Леонардо Ди Каприо Қазақстан билігін киік санының көбеюімен құттықтады.

Леонардо Ди Каприо Қазақстандағы киіктер жайлы жазба жариялады
Коллаж: ulysmedia.kz.

Актер Instagram парақшасында жазба жариялап, киік басының көбейгеніне қатысты пікір білдірді.

Браконьерлерге қарсы бастамалар, қуатты құқық қорғау органы және қорғалатын аумақты құруға көп қаражат бөлген Қазақстан үкіметін құттықтаймын. Олардың табиғатты қорғау ұйымдарымен, университет және ғалымдармен бірлескен күш-жігері табиғатты қорғаудағы шынайы табыстың жарқын мысалы, - деп жазды Ди Каприо парақшасында.

Ол сондай-ақ киіктің Халықаралық табиғатты қорғау одағы тізімінде «жойылып кету қаупі төнген» деген тізімнен шыққанын жетістік деп бағалады.

Бұрын-соңды болмаған мұндай қалпына келтіру Қазақстанда киік популяциясының керемет сақталғанын көрсетеді. 2005 жылы небәрі 48 мың бас болса, қазір 1,9 миллионға дейін жетті, - деп жазды актер.

Айта кетейік, 2023 жылғы 13 қарашадағы мәлімет бойынша, Қазақстанда жалпы саны 15 380 киік ауланған. Оның ішінде 3 954 киік (Ақмола облысы – 10 киік, Батыс Қазақстан облысы – 3 944) арнайы қоршауға алынып ұсталса, ату арқылы 11 426 киік (Ақмола облысында 1 833, Қарағанды облысында 2049, Қостанай облысында 1 479 және Батыс Қазақстан облысында 6065 бас) ауланды.