Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Тасмағамбетов пен Райымқұлова зағип бола жаздаған белгілі әншіге жәрдемдесті

"Тәңірі жарылқасын Сіздерді – Иманғали аға, Ақтоты Рахметоллақызы!" деп жазды ол.

Тасмағамбетов пен Райымқұлова зағип бола жаздаған белгілі әншіге жәрдемдесті
фото: ашық дереккөз

Өткен жылдың қараша айында дәстүрлы әнші Ерлан Төлеутайдың көзі көрмей, ауыр халде, шарасыз күйде отыр екен деген ақпарат тарады. Халық бұл ақпаратқа үрке қарап, бірқатар азамат көмек қолын созу мақсатындағы акциялар жүргізе бастады, деп хабарлады paryz.kz, bairaq.kz-ке сілтеме жасап.

Бірақ уақыт тығыз еді. Ота 7 желтоқсан күні Мәскеуде жасалуы тиіс болған. Құны – 3 миллион теңге. Егер белгіленген уақыттан кешіксе, науқастың зағип болып қалу ықтималдылығы өте жоғары болған.

Сонымен, Ерлан Төлеутай Мәскеуде ота жасатып, жағдайы жақсарды. Елге оралып, өзін қолдаған халыққа және Мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға алғысын білдірді.

"Ауыр күндер артта қалды. Мәскеуден Қырғызстанға ұшып келдік. Ондағы жергілікті қазақтар ыстық ықыласпен құрметтеп күтіп алып, қонақ қылып, келесі күні Қазақстан шекарасына дейін шығарып салды. Осылайша елге жетіп, есімізді жиып жатқан жайымыз бар. Көзім көрмей қалғалы оқу рахаты, жазу бақыты деген нығметтерден ажырап қалдым. Содан бері әлеуметтік желілерге ештеңе жаза алмағандықтан, қара күз – қарашадан бері ФБ парақшам өлген адамдікіндей қаңырап бос тұрды. Енді міне, бүгін өз көзіммен, өз қолыммен сіздерге жай-күйімді баян қылып жазып отырған жайым бар. Бұдан артық бақыт бар ма, айтыңыздаршы!?" - дейді Ерлан Төлеутай.

Айтуынша, Алматыда басталған шұғыл ота Мәскеудегі аса күрделі, ауыр операцияларға ұласқан. Суқараңғы соқыр болып қала жаздаған көз жанары қазірдің өзінде бұрынғыдай көрмейді екен. Ал мәскеулік дәрігерлер енді оны ешбір технология, ешқашандай шебер хирург қалпына келтіре алмайтынын айтқан. Бірақ, қазір өзі оқып, жаза алатын жағдайда.

"Бұл жолы жанашырым мен сүйенішім һәм тілеуқорым халық қана екеніне және сол халықтың ішінен шыққан есті азаматтар екендігіне көзім түбегейлі жетті. Есті азаматтар демекші, осы орайда мен екі тұлғаның есімін ерекше атағым келеді. Олар: мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Нұрғалиұлы мен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы! Менің көз дертімнің негізгі салмағы осы екі ардақты асылға түсті. Ақтоты Рахметоллақызы осы айларда алдымнан сәт сайын кесе көлденең шыққан проблемаларды, әсіресе Қазақстан мен Ресей арасындағы жол қатынасынан бастап, басқа да көптеген түйткілді мәселелерді кезек күттірмей, дереу шешумен болды. Ал Иманғали аға болса, Мәскеудегі ақырғы операциямның қаржысын тік көтере төлеп беріп, ағалық қамқорлық танытты. Тәңірі жарылқасын Сіздерді – Иманғали аға, Ақтоты Рахметоллақызы!" деп жазды Ерлан Төлеутай.