Алматы қаласының полицейлері биыл қазан айында танысын өлтіріп, қылмыс ізін жасыру үшін денесін өртеп жіберген 22 және 33 жастағы екі ер адамды ұстады.
Арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Күні кеше күдіктілердің тұрған жері белгілі болды: олар осы уақыт бойы Алматы – Астана тас жолынан 2 шақырым жерде орналасқан орынды қазып, (көлемі – 3х1,3 метр, биіктігі – 1,7 метр) сол жерде жасырынып жүрген. Онда күдіктілер өздеріне арнайы баспана, тамақтанатын орын жасап қойған. Олар өздерінің танысын өлтіргендерін мойындады. Күдіктілер қамауға алынды, – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.