Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

«JORYQ» ат спорты федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығына енген 10-шы ұйым атанды

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов пен «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбек ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

«JORYQ» ат спорты федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығына енген 10-шы ұйым атанды
Фото: «JORYQ» ат спорты федерациясы

Тараптар ел үшін маңызы зор іс-шараларды ұйымдастыруда және ұлттық спорт түрлерін дамытуда өзара қолдау көрсету, сондай-ақ қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттауға жан-жақты көмек көрсету туралы келісті.

«JORYQ» ат спорты федерациясының басшысы Бақытжан Тұрлыбек атап өткендей, дәл қазір Қауымдастық Қазақстандағы ұлттық спорт түрлерін дамытуға жауапты негізгі ұйым болып табылады.

Қауымдастыққа кіретін федерациялар өздерінің жаттығу методикасын әзірледі, сондай-ақ квалификациясы жоғары жаттықтырушылар құрамы мен тиісті ғылыми қолдауға ие.

 «JORYQ» ат спорты федерациясы

Фото: «JORYQ» ат спорты федерациясы

Бұған дейін «JORYQ» ат спорты федерациясы мен Ұлттық спорт қауымдастығы «Ұлы дала жорығы» кең ауқымды республикалық марафон-бәйге жобасын жүзеге асырды. 2023 жылы бұл жарысқа қатысушылар Астанадан Түркістанға дейін 1300 шақырымды бағындырды. 2024 жылы мерейтойлық 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Ұлы дала жорығы» марафоны өтеді.

«Келесі жылы біз Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында халықаралық марафон ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін Ұлттық спорт қауымдастығының бізге көрсететін қолдауы өте маңызды. Осыған байланысты Қауымдастыққа мүше болуды жөн көрдік», – дейді Бақытжан Тұрлыбек.

 Бақытжан Тұрлыбек

Фото: «JORYQ» ат спорты федерациясы

Осылайша, «JORYQ» ат спорты федерациясы Бәйге, Көкпар, Аударыспақ, Жамбы ату, Теңге ілу, Құсбегілік, Дәстүрлі садақ ату, Асық ату, Тоғызқұмалақ федерацияларымен қатар Қауымдастыққа енген 10-шы федерация атанды. 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап Ұлттық спорт түрлері қауымдастығын кәсіпкер, меценат Исламбек Салжанов басқарады.