Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

Омархан Өксікбаев жемқорларды ату жазасына жіберу керектігін айтты (ВИДЕО)

Жақында ғана елордада мәдениет басқармасының басшысы жемқорлық фактісі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал бұл салаға елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жетекшілік етеді. Егер заңға сүйенетін болсақ, ол қызметінен кетуі керек...

Омархан Өксікбаев жемқорларды ату жазасына жіберу керектігін айтты (ВИДЕО)

Мемлекет қайраткері, Парламент Мәжілісінің 5 және 6-шақырылымдарының депутаты Омархан Өксікбаев YouTube арнасындағы "Qasqa jol" арнасына көлемді сұхбат берді. Сол сәтте ол жағымпаздық пен ел медицинасындағы былықтар туралы айтқан. Иманғали Тасмағамбетов туралы да пікір білдіріп, тіпті, жемқорлықпен айналысып ұсталғанда, халықтан кешірім сұрамайтын шенеуніктерді сынап тастаған, деп хабарлады paryz.kz.

"Жемқорлық ешқашан да кешірілмеуі керек. Мен бұл заңды қатаңдатуды жақтаймын. Біз елімізде жемқорлықтың алдын алмасақ, мемлекет болуымыз неғайбыл. Көріп отырмыз ғой, Талғар ауданының келгеніне 3-4 ай болмаған әкімі ұсталып жатыр. Сонда қызметке сол үшін келді ме? Келе салып жеуге кірісу не деген бассыздық?! Оларға жазаны барынша қатаңдатпаса болмайтын сияқты. Менің айтарым: жемқорларды ату жазасына да жіберу керек", - деп салды Омархан Өксікбаев.

Осы орайда журналист Абай Сейфулла оған 2019 жылы 10 желтоқсанда бізде "Қол астындағы қызметкерлердің жемқорлық қылмысы үшін саяси лауазымды тұлғалар қызметінен кетуі керек" деген заң қабылданғанын айтып, бірақ жемқорлыққа қатысты түрлі жағдайлар орын алып жатқанын алға тартты.

"Мысал үшін былтыр ғана елордадағы Байқоңыр ауданының әкімі жемқорлықпен ұсталып, одан кейін елдорданың әкімі қызметінен кету керек деген әңгімелер болды. Белгілі болғандай, ол заң аталған қылмыс жасалғаннан кейін қабылданғандықтан, Көлгіновке ешқандай жағдай болған жоқ. Оны өзі де түсіндірді. Енді заң күшіне енді. Жақында ғана елордада мәдениет басқармасының басшысы жемқорлық фактісі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал бұл салаға елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жетекшілік етеді. Егер сол заңға сүйенетін болсақ, ол қызметінен кетуі керек. Бірақ оның қызметтен кететінін-кетпейтінін елорданың әкімі шешеді. Менің түсінігімде әкімдер өз қолын өзі кеспейді. Сонда бұл заң кімге керек? Президент сия құртып, оған не үшін қол қойды?" - деп сұрады экс-депутаттан.

Омархан Өксікбаевтың пайымынша, бұл ретте Бақтияр Мәкеннің орнын босатқаны жөн. Дегенмен, таяқтың екінші ұшы бәрібір қала әкімі Алтай Көлгіновке тіреліп тұр.

"Әрине, әділеттік үшін заң орындалып, Мәкен орнынан кетуі керек. Алайда сол заңда норма бар. Кейбір мәселенің ағы мен қарасын ажыратып алу керек. Кейбір нюанстар бар... Иә, ол адам сол салаға басшылық етеді. Бірақ оны қойған адам кім? Әкім. Сондықтан жауапкершілік екіге бөлінбей ме? Онда бұл жерде әкім кетуі керек деп айтуымыз қажет. Мәкен емес қой, ол адамды алып келген? Тікелей оның қаржылық мәселесін бақылап отыру құқығына да кірмейді және оны қадағалайтын мүмкіндігі де жоқ. Сондықтан оны кім қызметке тағайындады, сол жауапты деп айтар едім. Енді мен заңгер емеспін. Осы жерін кішкене қарауымыз керек. Біз сол заңды талдаған кезде "Кім тағайындады, сол жауап берсін" деп айтқанбыз. Сондықтан куратор анау деп, орынбасарына итеріп тастау - әділеттік емес", - дейді ол.

Әрине, 46 минуттық бейнесұхбатта біраз сұрақ қамтылып, маңызды мәселелердің басы ашылған.