Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Көлік министрлігі жүргізушілерге жабық жолдарға шықпауды ескертті

Көлік министрлігінің жедел ақпараты бойынша, қазіргі уақытта республиканың 6 облысында ауа райына байланысты республикалық маңызы бар автожолдар ішінара жабылды, деп хабарлайды paryz.kz. 

Көлік министрлігі жүргізушілерге жабық жолдарға шықпауды ескертті
Коллаж: Azattyq Ruhy

Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев республикалық трассаларды тазалауға кедергі келтірмеу үшін жүргізушілерді жабық жолдарға шықпау туралы тағы бір мәрте ескертті.

Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында, сондай-ақ Жетісу өңірінде көлік құралдарының қозғалысы мүмкіндігінше сүйемелдеумен ұйымдастырылып, жолдарда автомобильдердің кептелісіне жол берілмейді.

Жамбыл және Түркістан облыстарында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі бойынша Алматы облысынан Шымкент қаласына дейінгі учаскеде күрделі жағдай сақталуда.

«Аспара елдімекенінен Отарға дейін жол толығымен жабық. Ол жақтағы ауа-райы әлі де нашар. Жол тазалау жұмыстары бір уақытта екі жақтан, яғни Алматы және Жамбыл облыстары тарапынан бірден басталды», – деді С. Аблалиев.

Тараз қаласынан Түркістан облысының шекарасына дейінгі учаскеде жол толығымен тазартылды. Алайда Түркістан облысы бойынша ауа райына және жолды тазалау жұмыстарының жалғасуына байланысты қозғалыс әлі ашылмайды.

Сондай-ақ көлік вице-министрі жүргізушілер әлі де әртүрлі әдістермен жабық жолдарға шығып, қар құрсауында қалып отырғанын айтты. Осыған байланысты жол техникасының бір бөлігі өздерінің тікелей міндеттерімен қоса, адамдар мен автомобильдерді қар құрсауынан алып шығумен айналысып жатыр.

«Жүргізушілерді уәкілетті органдар тарапынан келетін хабарландыруларға назар аударып, жергілікті тұрғындарды Жамбыл облысы бойынша жолға шықпауларын сұраймыз», – деп қорытындылады вице-министр.