Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Газа секторынан Қазақстанның барлық азаматы эвакуацияланды

ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстан азаматтарын Газа секторынан эвакуациялау қалай жүргізілгенін айтып берді, деп хабарлайды paryz.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Газа секторынан Қазақстанның барлық азаматы эвакуацияланды
Фото: t.me/pressmfakz

«Газа секторы аумағында көптеген қазақстандық болғанын ескере отырып, СІМ Қазақстанның мемлекеттік органдарымен бірлесіп азаматтардың еркіндігі мен құқығын қорғау үшін соғыс жүріп жатқан аймақтан эвакуациялық рейстер ұйымдастырып, 127 адамды, оның ішінде отбасы мүшелерін отанына қайтарды», - деді Мұрат Нұртілеу.

Айтуынша, қазір Газа аумағында бір қазақстандық пен оның 10 отбасы мүшесі – Палестина азаматы бар. Олар эвакуациялаудан бас тартты.

«Министрлік пен Қазақстанның шетелдегі мекемелері жағдайды бақылап отыр, егер қазақстандықтарды шығару туралы өтініш түссе, эвакуация ұйымдастыруға дайын. Сондай-ақ Газа секторында гуманитарлық жағдай нашарлап кеткеніне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстаннан Газа тұрғындарына 1 миллион АҚШ доллары мен 38 тонна гуманитарлық көмек жіберілгенін еске сала кетейін. Оның ішінде азық-түлік, төсек-орын жабдығы, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар және т.б. заттар бар», - деп атап өтті СІМ басшысы.

М.Нұртілеу азаматтарды Отанына эвакуациялау жұмысының сәтті жүргізілуі мен гуманитарлық жүкті жеткізу ҚР мемлекеттік органдары мен шетелдегі өкілдіктерінің ортақ жұмысының нәтижесі екенін айтты.

17 қарашада Қазақстан билігінің бірінші эвакуациялық борты 99 адамды – 59 Қазақстан азаматы мен 40 шетелдікті отбасы мүшелерімен бірге Отанына жеткізгенін еске сала кетейік. Екінші рейс Египеттен 11 желтоқсанда келіп, Астанаға 28 адамды – 8 Қазақстан азаматы мен палестиналық 20 адамды жеткізді.