Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Биылғы он айда 3 мыңнан астам адам есірткі үшін сотталды – Еспаева

Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева Үкімет сағатында «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар туралы» тақырып талқыланғанын айтты, деп хабарлайды paryz.kz.

Биылғы он айда 3 мыңнан астам адам есірткі үшін сотталды – Еспаева
Фото: parlam.kz

«Тақырып өте өзекті. Себебі, есірткі – бүгінгі күні әлем бойынша ең күрделі сын-қатерлердің бірі, ол тіршілікті қамтамасыз ететін барлық саланың  даму процестеріне деструктивті әсер етіп отыр. Соңғы он жылда дүние жүзінде есірткі қолданатын адамдардың саны 23 пайызға, яғни 240 миллионнан 296 миллион адамға дейін өскен. Біріккен Ұлттар Ұйымының айтуынша, есірткіні пайдалану ауқымы және олардың заңсыз айналымы, әсіресе ұйымдасқан түрдегі айналымы, жаппай таралып, барлық елдердің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр. Мұндай проблема біздің елімізде де бар. Қазақстанда есірткінің жыл сайынғы заңсыз айналымы шамамен 25 тоннаны құрайды, оның 95 пайыздан астамы каннабис тобындағы есірткіге, 5 пайызға жуығы синтетикалық есірткіге, 1 пайыздан азы апиынға, героинге және заттардың өзге де түрлеріне тиесілі екенін
атап өту қажет», - деді ол.

Оның айтуынша, уәкілетті органдар ұсынған статистикалық деректерге сәйкес елімізде өткен жылы есірткі қылмысы үшін сотталғандар саны 3425 адамды, ал биылғы 10 айда
3193 адамды құраған.

«Бұл елдегі сотталған адамдардың жалпы санының 14 пайызы. 2018 жылғы қарашада Парламент есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымын бақылауға қатысты
заңнамалық түзетулерді қабылдады. Осы Заңда Үкіметке Есірткі мен психотроптық заттар тізімін бекіту құзыреті берілді, бұл осы тізімге жаңадан анықталған есірткіні
жедел енгізуге мүмкіндік берді. Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауларында есірткіні, әсіресе синтетикалық есірткіні қолдану халықтың денсаулығына, ел экономикасына және құқықтық тәртіпке елеулі қатер төндіретінін бірнеше рет атап өткен болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы есірткі таратқандарды қаткңға жауапқа тартуды тапсырды», - деді ол.

Еспаева атағандай, 2019 жылы депутаттар бастамашылық жасап, қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша Заң қабылдады.

«Осы Заң шеңберінде есірткі қылмысымен күресті күшейту мақсатында есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына, оларды өткізуге, оның ішінде насихаттауға және заңсыз жарнамалауға байланысты қылмыстар үшін жазаны қатаңдататын түзетулер енгізілді. Біздің елімізде есірткі қылмысына қарсы
іс-шаралар тұрақты қолға алынып жатқанына қарамастан, әлі де бірқатар шешілмеген проблемалар бар екенін атап өткен жөн», - деді ол.