Прямая трансляция

Астана

Астана

2°C

Әнипа Назарбаева «Барахолкадағы» әр сауда орнын 10 мың долларға сатқан – депутат

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы – Әнипа Назарбаеваның айналасындағы адамдар «Барахолка» базарындағы әр сауда орнын 10 мың долларға сатқан. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев айтты.

Әнипа Назарбаева «Барахолкадағы» әр сауда орнын 10 мың долларға сатқан – депутат
Фото: zakon.kz

Нартай Сәрсенғалиев депутаттық сауалын ҚР премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Бас прокурор Берік Асыловтың атына жолдады.

- Бүгінгі сауалыма әділетсіздіктің шырмауына шырмалып, шырғалаңнан шыға алмай қалған азаматтардың көз жасы себеп болды. Олар – Алматының әйгілі «Барахолка» базарында сауда жасайтындар.

Қақаған қыс пен ми қайнатар жазда, таңның атысы кештің батысына дейін контейнерде отырып сауда жасауға мәжбүр жандарды өзін қожайын сезінген екінің бірі тонап жатыр. «Кенжехан» базарының саудагерлері бар мәселесін бізге жолдаған хатында тізіп жазған. «Күштінің дүмі диірмен тартады» демекші, көпшілік бүгінге дейін құзырлы орындарға қанша арызданса да қаналған қаржысын қайтара алмай келеді, - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутаттың айтуынша, Алматыда орналасқан «Барахолка» базарындағы сауда орындарын Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы – Әнипа Назарбаеваға жақын адамдар 10 мың доллардан сатқан.

- Барахолкадағы саудагерлерден депутаттардың атына келген мына арызға сүйенсек, соңғы 10 жылға жуық уақытта «Кенжехан» базарының иесі Назарбаева Әнипа Әбішқызы болған делінеді. Оның жанындағы адамдар базардағы әр сауда орнын 10 мың долларға сатқан. Алайда сату-сатып алу жөніндегі келісімшартты жасамай, тек контейнердің паспортын берген. Ал келісімшарт талап еткен жандарды «біз базарға мәңгі иелік етеміз, уайымдамаңдар» деп қайтарған. Саудагерлердің дерегінше, аталған базарда мыңға жуық контейнер бар. Әрі қарай есебін шығара беріңіздер.

Қолда бар арыздағы ақпаратқа сүйенсек, 2022 жылдың 4 сәуірінде «Кенжехан» базарының 100% үлесі «Митра консалтинг» ЖШС мен Розенберг Е.М. деген азаматқа өткен. Бұл базар 640 млн теңгеге сатылды делінеді, - деді депутат.

Кейіннен базардың жаңа қожайыны саудагерлерге «контейнерді 325 мың теңгеден сатып алыңдар» деген талап қойған.

Осылайша, халық бір орынға 2 рет ақша төлеген. Амалсыз ақшасын төлген жандарға тағы да сату-сатып алу туралы құжат берілмеген, тек «келесім» қағазы тапсырылған. Айтпақшы, келісімді сол базардағы нотаруисте жасауға міндеттеген. Ол үшін әр саудагер тағы 43 мың теңге төлеген. Сондай-ақ әр контейнердің иесінен айына 50 500 теңге ақы алынады деген жаңа талап қойылған.

Мұны шағымданған ел айтып отыр. Бұл сорақылық емес пе? «Төлемесе контейнерлерді мөрлеп, жауып тастайды» деп ашынады жұрт, - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Нартай Сәрсенғалиев депутаттық сауалында алматылық саудагерлердің 3 талабын жеткізді:

  • Бір контейнерге 2 рет ақша төлеген жұрт бұрынғы немесе бүгінгі базар иесінен ақшасын қайтарып беруді талап етіп отыр. Бір сауда орнына 2 рет ақша төлеу ақылға сыймайды;
  • Ай сайын қосымша қаржы жинау мен жұмыс орындарын мөрлеп жауып тастауға қатысты әрекеттердің заңдылығын тексеріп, шара қолданылсын;
  • «Кенжехан» базарын Алматыдағы Мемлекеттік кірістер департаменті тексерген. Соның нәтижесін Қаржы министрлігіне ұсынсын.

Депутаттың дерегінше, Қазақстанда жыл басында 722 базар тіркелген. Нартай Сәрсенғалиев сол базарлардың бәрінде заң үстемдігі толық сақталып отырғанына күмәнданатынын жеткізді.

Себебі, басқа саудагерлерден де арыз-шағымдар келеді. Осы депутаттық сауалды әзірлеу барысында Барахолкадағы «Рахат» және «Евразия» базарындағы саудагерлер де шағымын жеткізді. Сондықтан елдегі барлық базарды тексеру керек деп есептеймін, - деді депутат.