Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасында пациент «Цеф-3» препаратына аллергия бар екенін айтса да медицина қызметкерлері ол дәріні еккен. Ер адам анафилаксиялық шоктан қайтыс болды, деп хабарлады «Патриот» Telegram-арнасы.
Марқұмның інісі Арман Мақашевтің айтуынша, 40 жастағы ағасы онда портал арқылы ота жасатуға барған.
Ол бірден «Цеф-3» пен новокаинге аллергия бар екенін ескерткен. Дәрігерлер білегіне көк түсті білезік тағып берді. Ондай білезік сол дәрілерге аллергия бар екенін білдіреді. Бірақ палатаға кірген медбике «Цеф-3» препаратын еге салған. Төрежан қызарып, тынысы тарыла бастаған. Содан көп ұзамай, қайтыс болды. Отаны бастаған да жоқ, - дейді інісі.
Төрежан Мақашев қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде жұмыс істеген. Марқұмның артында әйелі мен 3 баласы қалды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексеріс жүргізді. Тексеру кезінде дәрігерлердің жұмысынан кемшіліктер анықталды. Соның салдарынан пациент анафилаксиялық шоктан қайтыс болған.
Ал полицейлер қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары басталып кетті.