Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

Балалар омбудсмені ашық люктер үшін әкімдерді жазалауға шақырады

Екі апта ішінде Қызылорда мен Түркістан облыстарында екі бала кәріз құдықтарына құлап қайтыс болды. Екі жағдайда да люктер әкімдіктерге тиесілі болды. Бұл туралы Балалар омбудсмені Динара Зәкиева мәлім етті, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Балалар омбудсмені ашық люктер үшін әкімдерді жазалауға шақырады
фото: әлеуметтік желіден

«Толық тексеру жүргізіп, инфрақұрылым қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген және балалар өліміне әкеп соққан немқұрайлылыққа жол берген лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту қажет деп санаймын. Осы салаға жетекшілік ететін жергілікті атқарушы органдардың басшыларын, аталған аудан әкімдерін де жауапқа тарту қажет», - деп жазды Динара Зәкиева әлеуметтік желіде.

Балалар омбудсмені бұл үндеуін тиісті органдарға жіберетінін айтты.

«Тамыз айында біз мемлекеттік органдармен бірлесіп, инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, атап айтқанда ашық люктерге қатысты мәселе көтердік, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары тиісті тапсырмалар берді, еріктілермен бірге барлық өңірлерде рейд те ұйымдастырылған болатын», - деп қосты ол.

Естеріңізге сала кетейік, Түркістанда ойнап келуге шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен 4 жасар бала бірнеше күн ізделген болатын. 3 желтоқсан күні күндіз баланың денесі көрші үйдің жанындағы септиктен табылды.