Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Қуат Хамитов қазақтың арабтар сияқты өмір сүруін қалайды

"Неге екенін қайдам, Африканың халқы сияқты өмір сүреміз. Осыған не деп жауап бересіздер, болжамгер мырзалар?!" - деді ол.

Қуат Хамитов қазақтың арабтар сияқты өмір сүруін қалайды
фото: ашық дереккөз

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың Үкімет отырысында 2021 жылы тағы қатаң карантин режимі енгізілуі мүмкін екендігін айтқаны мәлім. Ал UFC шебері Қуат Хамитов Instagram-дағы парақшасында ол болжамға қарсылығын білдірді, деп хабарлады paryz.kz.

"Біздің шенеуніктерге таң қаламын. Егер шынымен осындай болжағыш қасиеттеріңіз болса, әлі жоқ науқастар санына дейін біліп, статистикасын келтіріп, оның салдарына дейін бажайлай алатын мықты екенсіздер, онда алдағы 5 жылға болжам жасап беріңіздерші, өтініш! Мен халқымның АРАБТАР сияқты өмір сүргенін қалаймын! 20 жылдан кейін емес, бүгін, қазір... Біздің олардан қай жеріміз кем? Оларға қарағанда, бізде мұнай көп. Одан бөлек, алтын, газ, уран және басқасы тағы бар. Бірақ, неге екенін қайдам, Африканың халқы сияқты өмір сүреміз. Осыған не деп жауап бересіздер, болжамгер мырзалар?!" - дейді спортшы.

Осы орайда, ол биліктің қарапайым адамдарды алған біліміне сай жұмыспен қамтамасыз ете алмай жатқанына қынжылыс білдірді. Балалардың да тегін білім алуы керектігін алға тартты. Сондай-ақ, ақшалы "көкелер" мен олардың бала-шағасының шетелде емес, өзіміздің ауруханаларда емделмейтінін сынады.

"Болжамгер мырзалар, неге осындай нәрселерді сөз етпейсіздер? Карантиндеріңізбен өз адамдарыңызды және олардың бизнесін өлтіріп жатырсыздар! Батысқа немесе Шығысқа жалтақтамай, қашан нағыз тәуелсіз ел сияқты әрекет етуге батылдарыңыз жетеді? Халықты ойлайтын уақыт келді!" - деп түйіндеді сөзін Қуат Хамитов.