Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Енді мектеп пен аурухана салынған соң ғана тұрғын үй құрылысына рұқсат беріледі

Қазақстанда мектеп, балабақша мен аурухананы салып алмай, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына рұқсат берілмейді. Мәжіліс осындай норма енгізілген заңды қабылдады, деп хабарлайды paryz.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Енді мектеп пен аурухана салынған соң ғана тұрғын үй құрылысына рұқсат беріледі
Фото: sputniknews.kz

"Кейбір заңнамалық актілерге білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" заң жобасы депутаттардың бастамашылығымен әзірленген.

Мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, заң жобасында үш негізгі бағыт бойынша нормалар қарастырылған. Бірінші бағыт – балалардың қауіпсіздігіне және құқықтарын қорғауға қатысты нормалар.

"Соңғы кезде мектеп ғимараттарының төбесінің құлауы сияқты фактілер жиілеп кетті. Сондықтан осындай біраз жыл бойы жұмыс істеп тұрған ғимараттарды әр 5 жыл сайын тексеріп тұру өте маңызды деп санаймыз. Заң жобасында 30 жылдан көп пайдаланып келе жатқан мектеп, балабақша мен колледждердің ғимараттарын әр 5 жыл сайын апаттылық қаупі бойынша тексеру туралы норма ұсынылды", - деді Аймағамбетов мәжілістің жалпы отырысында.

 

Оның айтуынша, тағы бір проблема – кішкентай балалардың терезеден құлауы. Өкінішке қарай соңғы екі жылда жүздеген бала терезеден құлаған. Осыған байланысты заң жобасымен терезелерді арнайы қауіпсіздік механизмдерімен немесе құлыптармен қамтамасыз ету міндеттеледі.

Сондай-ақ депутаттар көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына мектеп пен аурухананы салған соң ғана рұқсат беруді ұсынды.

"Бізде әлеуметтік нысандармен, мектептер мен балабақшалармен қамтамасыз етіп алмай тұрып көпқабатты үйлерді салу проблемасы бар. Әсіресе мегаполистерде. Осының кесірінен жүмыс істеп тұрған мектеп үш ауысымға көшеді, балалардың денсаулығына қауіп төнеді, ал енді мектеп салайын десе жақын жерде бос жер де қалмайды. Осыған орай заң жобасына жаңа талап енгізілді. Енді мектеп, балабақша мен аурухананы салып алмай көпқабатты тұрғын үйлерді салуға тыйым салынады", - деді Аймағамбетов.

Тәлімгерлік институты

Бұдан бөлек заң жобасында жетім балалар үшін жаңа тәлімгерлік институтын енгізу туралы норма көзделген.

"Ол не үшін керек? Бұл институт 10 жастан асқан, балалар үйінде тәрбиеленетін жетім балаларды әлеуметтендіруге және өмір сүру жағдайларына бейімдеуге қосымша мүмкіндік береді", - деп түсіндірді мәжілісмен.

Айтуынша, тәлімгерлер волонтерлік тәртіпте, яғни балалар үйінің тәрбиеленушілерін ақысыз қамқорлығына алып, оларға қолдау көрсетуге, әлеуметтендіру жұмысын жүргізуге мүмкіндік алады. Тәлімгерге оларды бақылауға, олардың жауапкершілігіне қатысты нақты әрі қатаң талаптар қарастырылған. Балалар үйі, білім басқармасы мен тәлімгер арасында барлық қарым-қатынас шартпен реттеледі.

Заң жобасында полицияда девиантты мінез-құлық бойынша тіркеуде тұрған балаларды қолдау және оңалту бойынша да арнайы норма ұсынылып отыр.

"Басты мәселе – осы санаттағы балалардың бос уақытын қамту. Осыған орай, енді осы оқушылар проактивті форматта, яғни ешқайда барып өтініш бермей-ақ, түрлі үйірмелермен және секциялармен қамтылады. Білім беру ұйымдарында діни және басқа да зиянды ақпаратқа жол бермеу туралы нақты міндет бекітілді", - деді депутат.

Мәжіліс депутаттары заңды қабылдап, сенаттың қарауына жолдады.