Елімізде қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелді - министр

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында қызылша ауруы жайлы айтты, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Елімізде қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелді - министр
Фото: freepik.com

«Қызылша ауруының асқынуы бойынша әлемнің 167 елінде 415 мыңнан астам жағдай тіркелген. Елімізде қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Олардың 82%-дан астамы балаларға тиесілі, оның көпшілігі вакцина алмаған балалар. Қызылша ауруы барлық өңірлерде тіркелді, жоғары деңгей Шымкент пен Алматы қалаларында, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында байқалады»,- деді Ғиният.

Министр атағандай, бүгінгі таңда елімізде қызылшамен ауырған науқастарға арналған 3,5 мыңнан астам төсек-орын орналастырылған, стационарлық емдеуде 2375 бала бар.

«Бүгінгі таңда төсек орын қамту жүктемесі – 59,5%-ды құрайды, 1 мыңнан астам орын резервте тұр. Емдеуге жатқызылғандардың ішінде 30 бала реанимация бөлімшелерінде ауыр жағдайда жатыр, 1 жасқа дейін – 15 бала бар. Қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында 1 жастан 6 жасқа дейінгі 600 мыңнан астам бала жоспарлы иммундаумен қамтылды, бұл вакцинацияланатындардың 84%-ын құрайды. Жыл соңына дейін осы жас тобындағы 100 мыңнан астам баланы қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар қызылшаға қарсы вакцинаның қосымша 1,5 млн дозасы сатып алынды», - деді ол.

Министр айтқандай, бүгінгі таңда 500 мың доза келіп түсті, желтоқсан айында 1 млн доза жеткізіледі деп күтіліп отыр.

«Жалпы, қосымша иммундаудың тиімділігі 2005, 2015 және 2019 жылдардағы қызылшаның алдыңғы өршуі кезінде дәлелденді», - деді ол.