Прямая трансляция

Астана

Астана

-15.03°C

"Қасым хан" сериалы: 30 миллион теңгеге жуық қаржы ұрланған

2019 жылдың жазында Алматы облысының көркем жерлерінде басталған түсірілім жұмыстары әлі аяқталған жоқ.

"Қасым хан" сериалы: 30 миллион теңгеге жуық қаржы ұрланған
фото: e-history.kz

"Қасым хан" көпсериялы тарихи телехикаясын түсіру кезінде 30 миллион теңгеге жуық ақша ұрланған. Алматы қаласы бойынша ЭТД "Қазақфильм" АҚ-тың "Қасым хан" киножобасы" филиалының директоры К.С. Ахметовке және басқа тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлады paryz.kz, Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Тергеу барысында қызметтік жағдайын пайдалана отырып, "Қасым хан" тарихи сериалының түсірілімінде қолдану үшін пиротехника сатып алуға бөлінген 29,9 миллион теңге сомасындағы бюджет қаражатының ұрланғаны дәлелденді. "Қазақфильм" АҚ-ына келтірілген залал сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде толық көлемде өтелді", - делінген хабарламада.

Сот айыпталушыларды ҚР ҚК-нің 189-бабы, 3-бөлігі, 1,2-тармақтары бойынша кінәлі деп танып, "Қасым хан" киножобасының" бұрынғы директорын 2 жылға бас бостандығынан айыру, ал іске қатысы бар 2 қызметкерге 3 жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеу, 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалды.

Айта кетейік, қазақтың әйгілі билеушілерінің бірі Қасым ханның өмірі туралы баяндайтын көпсериалы тарихи киножобаны Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша "Қазақфильм" киностудиясы түсіріп жатыр. 2019 жылдың жазында Алматы облысының көркем жерлерінде басталған түсірілім жұмыстары әлі аяқталған жоқ.