24.11.2023, 10:10

14 бала полицияға бомба туралы өтірік хабар берген, көбі Алматыда тұрады

Фото: Kazinform

ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Азамат Хасенов терроризм актісі туралы жалған хабар бергендерге қандай жауапкершілік барын түсіндірді, деп хабарлайды Polisia.kz

— 2023 жылдың басынан бері терроризм актісі туралы қанша жалған хабарлама келіп түсті? 2022 жылмен салыстырғанда айырмашылық бар ма?

— Иә, 2022 жылмен салыстырғанда биыл мұндай қылмыстардың шамамен 12%-ға өскені байқалады. Мәселен, егер өткен жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 141 қылмыстық іске тергеу жүргізілсе, биыл 160 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

— Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін бір жылда қанша адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды?

— Жыл басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін 39 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде түрлі жаза тағайындалып, 12 адам сотталды: бас бостандығынан айыру жазасына — 3 адам, бас бостандығын шектеу жазасына 7 адам тартылды, бір адамға айыппұл салынса, бір адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы белгіленді.