14.11.2023, 14:59

Кәрім Мәсімов ақшалай қаражатты жылыстатты және аса ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінді

Фото: primeminister.kz

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің үстінен жаңа қылмыстық істер қозғалды, деп хабарлайды Paryz.kz Zakon.kz сайтына сілтеме жасап. 

"ҰҚК К.Мәсімовке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 208 – "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе)өзге мүлікті заңдастыру және 366 – "Пара алу" баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастырып жатқанын хабарлаймыз", – делінген ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 2023 жылғы 14 қарашадағы сауалға берген жауабында.

Сондықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 92-бабының 3-бөлігіне сәйкес, сотталған Кәрім Мәсімов прокуратураның санкциясымен бірқатар тергеу амалдарын жүргізу үшін Астана қаласы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. 

2022 жылғы 6 қаңтарда Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Кәрім Мәсімов пен басқа да тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.