Прямая трансляция

Астана

Астана

-15.03°C

Қызылордада театрдың ашынған әртісі суицид жасамақ болды (ВИДЕО)

Шығармашылық ортадан шыққан шудың соңғы нүктесі немен қойылатындығы белгісіз. Әзірге тараптар бір мәмілеге келген жоқ. 

Қызылордада театрдың ашынған әртісі суицид жасамақ болды (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Қызылордадағы қазақ драма таетранын шу шықты. Басшылықтан қысым көрдім деген театр әртісі жұмыс орнында өзіне қол жұмсамақ болды, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Әртіс Нұржан Қараманов бұл театрда 7 жылдай қызмет атқарған. Желтоқсан айында облыстың атқамінерлерінен араша сұрап, театрда диктатураның басым екендігін айтып, шағымданыпты.

"Осыдан соң басшылар уәдені үйіп-төкті, сосын арызымды қайтарып алдым", - дейді.

Алайда, басшылық, керісінше, содан кейін ізіне түсіп, "отырса опақ, тұрса сопақ қылған" көрінеді.

"Актердің мәртебесі жоқ, бұл жақта актерлер жұмысшы өзбектер сияқты жұмыс істейді. Қызметкерлердің бетіне келе алмайды, келсе директордың командасы жинап алады да, қорқытып-үркітіп, жұмыстан шығарып жібереді. Олардың кредиттері бар, сондықтан үндемейді. Жанайқайымды ешкім түсінбей жатқан соң амал жоқ пышақпен өзімнің қолымды кескіледім", - дейді Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық-драма театрының әртісі Нұржан Қараманов.  

Бұл шуға театрдың бір топ әртістері де үн қатты. Олар шығармашылық еркіндіктің жоқтығына шағым айтты. Сондықтан басшылық құрамды толық өзгертуді талап етуде.

"Әртістерде ешқандай еркіндік жоқ. Театрда да, сахнада да. Театр таза өзінің басшылығымен, диктатурасымен айналысады. Баса береді, баса береді, ұрыса береді, ұрыса береді", - дейді театр әртісі Асқар Оразәлиев.

"Директорден бастап, бүкіл командасын өзгертсін. Қазір жапқанымен, бұл қайталана береді. Қай уақыттағы ауруы театрдың. Сондықтан мына балалардың шырылдап тұрғаны дұрыс деп ойлаймын. Осы мәселені шешіп берсін", - дейді театр әртісі Алмагүл Артықбаева.

Театр басшылығы болса, өнерпаздардың уәжімен келіспейді. Ал екі кештің ортасында кабинетінің алдына келіп, мінез көрсеткен қызметкерінің психикасы бұзылған деп ойлайды. 

"Пышақ алып, суицид жасау, ол не нәрсе? Демек, психологиялық дұрыс емес ол. Мен психдиспансерге арыз жаздым. Басшылық тарапынан қысым көрсетіліп жатыр деген нәрселерге ертең өзіміз жауап береміз. Құзырлы органдардың алдында", - дейді театр бастығының міндетін атқарушы Бақытбек Темірбеков. 

Шығармашылық ортадан шыққан шудың соңғы нүктесі немен қойылатыны белгісіз. Әзірге тараптар бір мәмілеге келген жоқ. Тек қазақ театрының алғашқы спектаклі сахналанған қарашаңырақтағы бұл дүрбелеңнің соңы өнерге нұқсан келтірмесе болғаны.