Ақтауда Өзіндік қауіпсіздік департаменті екі полицейдің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісін тексергеннен кейін тәртіптік комиссияның шешімімен олар қызметінен босатылды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Lada.kz жазуынша, қазіргі кезде Валерия Шалнованы өлтіру және зорлау ісі бойынша полицияға қарсы тергеу жалғасуда. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді (ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы).
Тергеудің толықтығын, объективтілігін және жан-жақтылығын қамтамасыз ету мақсатында тергеу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүктелді.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексерумен бір мезгілде қызметтік тексеріс жүргізіліп, оның нәтижесінде Маңғыстау облыстық полиция департаментінің тәртіптік комиссиясының шешімімен екі полиция қызметкері қызметінен босатылды», - деп хабарлады Маңғыстау облыстық прокуратурасы.
Құзырлы орган өкілдері қызметкерлерді қызметінен босату оларды жұмыстан шығаруды білдірмейтінін атап өтті. Соңғы шешім Антикор толық тексеру жүргізгеннен кейін қабылданады.