Ағасының аты-жөнімен жүрген: Таразда 14 жыл бойы іздеуде болған ер адам ұсталды

14 жыл бойы халықаралық іздеуде болған қазақстандық азамат ұсталды, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Ағасының аты-жөнімен жүрген: Таразда 14 жыл бойы іздеуде болған ер адам ұсталды
Фото: polisia.kz

Жамбыл облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 2009 жылдан бері ҚР ҚК 178-бабы 2-бөлігі, 257-бабы 3-бөлігі (ескі редакция) бойынша іздеуде жүрген 49 жастағы Ө. есімді азаматты ұстады.

«Осыдан 14 жыл бұрын Тараз қаласында тонау және бұзақылық деректерін жасағаны үшін оған қатысты іздеу жарияланған болатын. Жедел мәліметтерге сәйкес, ол бірнеше жылдар бойы шет мемлекеттердің аумағында бой тасалаған», - делінген полиция хабарламасында.

7 қарашада жамбылдық полицейлер арнайы операция жүргізу барысында іздеудегі күдікті азаматты Алматы қаласындағы фитнес залдарының бірінде ұстады.

«Күдіктінің бет-бейнесі өзінің туған ағасына ұқсағандықтан, полиция қызметкерлеріне ол өзін бауырының есімімен таныстырған. Анықтау жұмыстарын жүргізу үшін бір мезгілде оның туған ағасы Жамбыл облысының ПД-ге жеткізілді», - дейді облыстық ПД өкілдері.

Аталғандардың саусақ іздері алынып, жеке бастары толық анықталған соң іздеудегі азамат Алматы қаласы ПД УҰИ-ға қамаққа алынды.