Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

«Мұғалімдердің алған сертификаты жүйеде табылмады»: Ақтөбе облысында 110 адам ұсталды

Жалған сертификат алып, мемлекеттен заңсыз үстемақыны иемденіп келген ақтөбелік ұстаздар қаржыны кері қайтаруға асығар емес. Бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын тексерген мемлекеттік аудит тағы да біраз былықтың бетін ашты. Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы nur.kz-ке қаржының қалай талан-таражға түскенін айтты.

«Мұғалімдердің алған сертификаты жүйеде табылмады»: Ақтөбе облысында 110 адам ұсталды
Фото: Halyq Uni

Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымовтың мәліметінше, сегіз айда білім саласы ұйымдарына қатысты 66 іс-шара жүргізілді. Нәтижесінде 55 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, 11 млн теңгеден аса айыппұл салынған.

«Сонымен бірге 68 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылды. Негізсіз еңбекақы аударған қаржылық бұзушылықтар № 14, 42, 12, 55, 4, 3, 5, 46, 11, 44, 29, 48 мектептерден анықталды. Қазіргі уақытта артық алынған ақша бюджетке қайтарылды. Өтелмей тұрғаны - 55 мектептегі 389 млн теңге. Оған қатысты іс қылмыстық тергеуде. Мектеп есепшісі жауабында ақшаны құмар ойынға салғанын айтты», - дейді Сәкен Қасымов.

Ведомство басшысының айтуынша, осы уақыт ішінде 18 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 7 мектеп директоры, 11 есепші бар.

«Мектеп директорлары электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану білмейді немесе селқос қарайды. Есепшіге сеніп тапсырады. Бақылаусыздық негізсіз ақша аударуға әкелген. Мәселен Темір аудандық көркем сурет мектебінде еңбек ақыны есептеу тізімдемесі мен еңбек ақыны аударуда айырмашылық бар. Мекеме есепшісі 2018-2023 жылдың арасында 6 млн 308 мың теңгені өзіне артық төлеген. Бұл қаржы бүгінде бюджетке толықтай аударылды», - деді департамент басшысы.

Осыған дейін қоғамның қызу талқысына түскен ұстаздар қолындағы жалған сертификат дауы өңірде әлі басылған жоқ. Бюджет қаржысын қайтаруға асықпай отырғандар бар. Нәтижесінде облыстың бас ұстазына қатысты әкімшілік іс қозғалды.

«Алған ақшаны қайтару бойынша тиісті шара жүріп жатыр. Бүгінде 90 млн теңге қайтарылды. Облыстық білім басқармасы басшысына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 462-бап 3-тармағына сай әкімшілік іс қозғалды. Берілген нұсқаманы тиісті түрде орындамаған. Осы бұзушылықтарды әрі қарай жібермес үшін бюджетке алған қаржыны қайтармаған мектеп директорларын, қалалық аудандық білім бөлімінің басшыларын шақыртып, семинар кеңес өткіздік. Білім саласының басшылары бюджет қаржысын қайтару үшін тиісті жұмыстар жасау керек. Біз директорларды шақырдық, олар мұғалімдерді ертіп келіп тұр. Ол мұғалімдердің жұмысы қайда? Бұл дұрыс емес. Аудиторлық есеп нәтижемен келісіп қол қойғаннан кейін білім басқармасы негізсіз алынған ақшаны бюджетке қайтару бойынша шара қабылдауға тиіс. Қабылдай алмаса өздері жауапқа тартылады. Бұл жерде әңгіме 2018-2022 жылдары өткізілген тестілеу нәтижесіне қатысты. Ұлттық тестілеу орталығынан алынған мәліметтермен тексерілді. Кейбір мұғалімдердің алған сертификаты жүйеде табылмады. Нәтижесінде 97 млн 665 мыңға заң бұзушылық анықталды. Жалпы саны 110 адам. Олар мектеп, колледж мұғалімдері. Оның 104-і қалалық, ауылдық мектеп мұғалімдері. Алтауы колледж мұғалімі. Жоқ сертификатқа үстемақы алып отырған», - деді басшы.

Бюджеттің әр тиынын есептеген мемлекеттік аудит қызметметкерлерінің "имунитеті" де қатаң қадағалауда.

«Сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс шаралар біздің дерартаменттің күн тәртібінен түскен емес. Өзекті мәселе. Жол бермеу бақыланады. Түсіндіру жүргізіледі. Әр аудитке кетер алдында нұсқама беріледі. Апта сайын ескертіп отырамыз. «Қара судың өзін өздерің алыңдар. Біреудің машинасымен барып келе салу, шай ішкенде тұрған не бар» дегенге жол бермеу ескертіледі. Арасында Әдеп жөніндегі өкіл мен ұйымдастыру бөлімінің қызметкерлерін аудандарға жіберемін. Сауалнама жүргізеді. Іс-әрекеттер әртүрлі жолдармен бақыланады. Ол тексеріс жүріп жатқан кезде немесе кейін болуы мүмкін», - дейді Сәкен Қасымов.