Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров келесі жылы қандай петициялар облыстық және республикалық деңгейде қаралатынын түсіндірді, деп хабарлайды Paryz.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Биыл 2 қазанда президент "Қоғамдық бақылау туралы" заңға қол қойды. Заң алты айдан кейін, яғни келесі жылы 4 сәуірде күшіне енеді. Заңда петиция институты реттелген.
"Петицияны е-өтініштің модулі ретінде электронды форматта, сондай-ақ жазбаша түрде де беру мүмкіндігі қарастырылған. Ең басты новелла – петицияның қарастырылу шектері. Петицияны қарастыру шегі – 2,5 мыңнан 50 мың адамға дейін", - дейді Қадыров Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, петицияны аудан әкімдігі қарау үшін 2,5 мыңнан астам қол жинау қажет. Ал аудандық мәслихат қарау үшін 5 мың адамның қолдауы керек.
Облыстық деңгейде қарастырылатын петиция үшін облыс халқының 1 пайызынан астамының қолы қажет. Егер облыс тұрғындарының 2 пайызы қолдаса, онда облыстық мәслихат қарайды.
Ал петицияны қолдаушылар саны 50 мың адамнан асса, ол үкімет деңгейінде қаралады.
Вице-министрдің айтуынша, е-өтініш ақпараттық жүйесінде бөлек модуль болады. Сол жерде жарияланған петициялар қарастырылады.
"Қазіргі таңда республикада бес-алты петиция беру нүктесі бар. Бірақ олар заңды емес. Олар – жеке адамдардың шығарып отырғаны. Олар заңмен реттелмеген, сол себепті қарастырылмайды", - деп түсіндірді Қадыров.
Халық петиция арқылы шенеуніктерді отставкаға жіберуді талап ете ала ма
"Ондай қарастырылмайды. Заңда қандай мәселелер петицияда қаралмайтыны туралы 17 тармақша бар. Президент пен парламенттің қызметке тағайындайтын адамдарына петиция қарастырылмайды. Өйткені ол парламент пен президенттің құзыретіне кіреді. Соған байланысты олар қарастырылмайды", - деп атап өтті Қадыров.
Сондай-ақ қазақстандықтар республикалық басқару нысанын, әкімшілік-аумақтық құрылымды, шекараны өзгерту, сот төрелігі, рақымшылық, ұлттық қауіпсіздік, тіл мәселесі және тағы басқалары бойынша петиция бере алмайды.
Вице-министрдің сөзінше, петицияны қарау барысында мемлекеттік орган бірқатар іс-шара жүргізеді: жұмыс топтарын құрады, қоғамдық талқылау жасайды, халықаралық тәжірибені зерделейді. Содан кейін ғана барып шешім шығарады.
"Петиция бойынша шешімді тек мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана бере алады. Шекті мәнге жетпеген петициялар үндеу ретінде қарастырылып, әкімшілік рәсімдік кодекс бойынша қаралады", - деді ол.