Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

5 мыңнан астам алматылық банкроттыққа өтініш берген

Алматыда банкроттық рәсіміне жеке тұлғалардан 5 730 өтініш түсті.  Оның 4 526-сы кері қайтарылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Айдос Бұдығұлов мәлім етті, деп хабарлайды Paryz.kz.

5 мыңнан астам алматылық банкроттыққа өтініш берген
Фото: inkaraganda.kz

«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заңды іске асыру шеңберінде 2023 жылдың 3 наурызынан 23 қазанға дейін 5 730 өтініш түсті. Оның ішінде 5 603 өтініш (97,8%) қаралды», - деді Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Айдос Бұдығұлов.

Өтінім берген 527 азаматқа қатысты соттан тыс банкроттық рәсімі басталды. Бұл – келіп түскен өтініштердің 9,2 пайызы. 4 526 өтініш бойынша азаматтар соттан тыс банкроттықты бермеу туралы хабарлама алды.

«Бас тартудың негізгі себебі – кейбір қарыз шарттарына сәйкес келмеуі. 550 азамат банкрот деп танылды, бұл – түскен өтініштердің 9,6 пайызы. 127 өтінішке қатысты (бұл – барлық келіп түскен өтініштің 2,2%-ы) тексеру жүргізіледі және қаралып жатыр», - деді спикер.

Қазір сот банкроттығына қатысты 32 өтініш бойынша іс қозғалды. Оның ішінде 24 азаматқа банкроттыққа азаматтық іс қозғау туралы сот ұйғарымы шығарылды. 8 азаматқа сот банкроттығы қолданылды.

Айта кетейік, банкроттыққа өтініштер 3 наурыздан бастап қабылданып жатыр. Соттан тыс рәсіммен тапсыратындар өтінішті Egov.kz порталында немесе e-Salyq Azamat мобильді қосымшасында толтыра алады. Уәкілетті орган өтініш берілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау және борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығарады.

Сот арқылы банкрот деп танылу үшін және төлем қабілетін қалпына келтіру үшін борышкер тұрғылықты жердегі сотқа жүгінуі керек. Өтінішті қарау мерзімі – алты ай, оны тағы алты айға ұзартуға болады.
Қаржы министрлігінің хабарлауынша, кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде азаматтардың банкроттығы бойынша ақылы қызмет көрсететіндер көбейген. Біле жүріңіз, соттан тыс рәсім тегін жүргізіледі.

Банкроттық туралы толық ақпарат алу үшін "1414" бірыңғай байланыс орталығына (қосымша "3" нөмірін теру керек) немесе Telegram’дағы SalyqBot көмегіне жүгінуге болады. Банкроттық рәсімінен өту тәртібі туралы ақпарат қаржы министрлігінің және мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында жарияланған.

Естеріңізге салайық, Алматыда банкроттық рәсіміне жеке тұлғалардан 5 730 өтініш түсті.  Оның 4 526-сы кері қайтарылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Айдос Бұдығұлов мәлім еткен болатын.