Сәкен Сейфуллиннің бұрын-соңды жарияланбаған видеосы табылды

Ресей мемлекеттік кино, фотоқұжаттар мұрағатынан белгілі Алаш ардақтысы Сәкен Сейфуллин бейнеленген кадрлар табылды, деп хабарлайды Paryz.kz Qazaqstan телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, мемлекет қайраткері бейнеленген бұл кадрлар 1935 жылы Қазақ автономиясының құрылғанына 15 жыл толуына орай түсірілген. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институтының ғылыми қызметкері Ермұхамет Маралбек таспаны тапқан.

Сонымен қатар ғылыми қызметкер Мәскеу мұрағатынан тағы қандай құнды деректерді кездестіргенін айтып берді.

Мәскеу қаласына қазанның 19-27 аралығында 3 ғалым барған болатынбыз. Ресей мемлекеттік фотоқұжаттар мұрағатында болдық. Сол мұрағаттағы фотоқұжаттармен түгел танысып шықтық. Өзімізге қажеттілерін қарап шыққанда, Сәкен Сейфуллиннің бейнежазбасы кездесіп қалды. Сәкен Сейфуллинмен бірге, Ораз Жандос, Әліби Жангелдиннің бейнежазбасы осында түсірілген, - деді ғылыми қызметкер.

Ермұхамет Маралбектің айтуынша, бұдан бөлек Мәскеуден бірнеше құнды құжат табылған.

Ресей мемлекеттік Ленин атындағы кітапханада сирек қолжазбалар қорында жұмыс істедік. Алаш қайраткерлерінің көптеген еңбегі сақталған. Ахмет Байтұрсынұлы туралы ғылыми айналымда жоқ, еш жерде кездестірмеген еңбектері табылды. Ол туралы зерттей түсу керек. Зерттеу нәтижелерін алдағы уақытта жариялайтын боламыз, - деді Ермұхамет Маралбек.