Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға интернет алаяқтардың құрбаны болмас үшін нені ескеру керектігін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz BAQ сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев ведомствода өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Айтуынша, ең алдымен интернет-алаяқтыққа жол бермеудің ең тиімді құралы – азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру.
Сондықтан азаматтарды сақтандыру үшін келесідей сақтық шараларды атап өткім келеді:
• ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару немесе несиені рәсімдеу туралы өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған адамдардың телефон арқылы нұсқаулықтарына ерімеу қажет. Құқық қорғау органдары арнайы операцияларды телефон арқылы жүргізбейді.
• өздерін банк, полиция қызметкерлері ретінде таныстырған адамдарға дербес деректерді, пластикалық карталардың деректемелерін, аударымдар туралы түбіртектерді, әсіресе кодтар мен құпия сөздерді хабарламаңыз;
• белгісіз және тексерілмеген сайттарға және басқа көздерге жеке деректерді бермеңіз. Тексерусіз алдын ала төлем жүргізбеңіз. Тауарды алғаннан кейін төлем туралы келісуге тырысыңыз;
• күмәнді шарттар бойынша аударымдарды жүзеге асырмаңыз, айқын табыс көзінсіз қаржы схемаларынан сақ болуға тиіс;
• қосымшаларды орнату үшін тек ресми Aп стор (App store), Плэй маркет (Play market) көздерін пайдаланыңыз, - деді орталық басшысының орынбасары.
Сонымен қатар белгісіз адамдардан келіп түскен сілтеме бойынша өтпеуге кеңес берді.
Көбінесе алаяқтар төлем жасау үшін фишингтік болып табылатын сілтеме бойынша өтуді ұсынады. Банкинг қызметіне қол жеткізу құпия сөздерін жиі өзгертіп отырыңыз, 3D-қорғауды және банктер ұсынатын басқа қауіпсіздік шараларын қолданыңыз. Өз шоттарыңыздағы ақша қозғалысын жиі тексеру қажет, - деді Рүстем Дүйсетаев.