Ақтауда тағы бір пәтерде себілген қандала дәрісінен үш бала мен екі ересек уланып, ауруханаға түсті. Олардың бірінің жағдайы ауыр, деп хабарлайды Paryz.kz.
Lada.kz жазуынша, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Әсима Жарылғасова мәлім еткендей, 26 қазанда 3А шағынауданындағы 25-үйден бес адам ауруханаға жеткізілген.
«Сағат 21:20-да пәтерде қандала улау жұмысы жүргізілгені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары шықты. Залалсыздандыру еу үшін қандай дәрі қолданылғанын анықтаған олар барлық тұрғынға ескерту жасап, қала әкімдігінің көмегімен адамдарды эвакуациялау жағдайын ұйымдастырды.
Алайда көрші пәтерлерде тұратын азаматтар эвакуациядан бас тартты. Оларға улы дәрінің барлық зардабы туралы ескертілді. Оқиға орнында ТЖ қызметкерлері мен полицейлер де болды. Жұмыс дер кезінде жүргізіліп, улану себептері жойылды. Бес адам ауруханаға медициналық көмекке жүгініп, амбулаторлық емдеуге жіберілді», — дейді Әсима Жарылғасова.
Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасы зардап шеккендердің жағдайын айтты. Екі ересек жедел жәрдем бөлімінде тексерілгеннен кейін амбулаторлық ем алып, үйлеріне жіберілді.
«Ал үш балаға келсек, барлығы бір отбасынан екені белгілі болды. Екі балада ауру белгілері жоқ, олар тексеріліп, үйіне жіберілді. Бір бала педиатриялық бөлімшеге жатқызылды, жағдайы тұрақты, ауыр. Түскен кезде бала әлсіздік пен бас айналуына шағымданып, ауруханаға жатқызылды», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.