Қарағанды облысының Топар кентінде сібір жарасын жұқтыру дерегі тіркелді, деп хабарлады Paryz.kz.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, 8 айлық бұқаны қожайындары жеке аулада союға мәжбүр болған. Мал иелерінің айтуынша, ол ауру болған, етін сатуды жоспарламаған. Сол ауладағы 3 адамнан сібір жарасы анықталса, тағы 2 адам дәрігерлердің бақылауында. Сондай-ақ олармен байланыста болған 30 адам анықталып, олармен профилактикалық іс-шаралар туралы түсіндірме жұмысы жүргізіліп, медициналық бақылау орнатылды.
Сойылған малдың еті тәркіленіп, мөрленіп, ветеринариялық заңнамаға сәйкес жойылатын болады. Кентте індетті оқшаулау және жою үшін барлық қажетті санитарлық-ветеринарлық эпизоотияға және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Барлық тексерілген ошақтарда дезинфекция жүргізілді. Ветеринария мамандары үйлерді аралап, малдарды клиникалық тексеру және термометрия өткізіп, егу жұмыстарын жүргізіп жатыр, – делінген әкімдік хабарламасында.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті арқылы ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан вакциналар мен дезинфекциялық құралдарға қажеттілік толық қамтамасыз етілді.
Кентке Абай қаласынан кіреберісте көліктерді санитарлық өңдеуден өткізу үшін бекет орнатылды. Карантиндік шараларды сақтау үшін Жартас кентінен Топар кентіне екінші кіреберіс уақытша жабылды. Тұрғындардың қозғалысына шектеу қойылған жоқ. Сондай-ақ кенттен малды әкетуге және әкелуге, оны шаруашылықтар ішінде өткізуге, ауру малдың сүтін пайдалануға, мал союға және аумақтан жем мен жем-шөп қоспаларын әкетуге тыйым салынды.
Жағдай уәкілетті қызметтердің толық бақылауында. Оқиға орнында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, денсаулық сақтау, ветеринариялық бақылау комитетінің аумақтық инспекциясы мен ветеринария басқармасының, республикалық эпизоотияға қарсы топтың бір топ қызметкері жұмыс істеп жатыр.
Мамандар халықтан дүрбелеңге салынбауды және жалған ақпарат таратпауды сұрайды.