23.10.2023, 11:53

Оқушылар күзгі каникулда неше күн демалады?

фото: Halyq Uni

Қазақстан мектептерінде биылғы оқу жылының бірінші тоқсаны аяқталуға жақын, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Күзгі каникулда оқушылар 2023 жылғы 30 қазаннан 5 қарашаға дейін 7 күн демалады.

Министрлік оқушылардың күзгі демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту үшін біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспарын ұсынып отыр:

Жоғары сынып оқушыларымен және олардың ата-аналарымен бірлесіп, ғылыми жоба жұмыстарының мазмұны бойынша ақпараттық-танымдық сабақтар, ЖОО-ның оқытушыларымен кездесулер ұйымдастыру, ғылыми жобалар туралы сұхбаттар өткізу; «Балалар кітапханасы» жобасын іске асыру аясында оқырмандармен кездесу ұйымдастыру және оқылған әдебиеттерді талқылау; «Отбасылық дәстүрлер» тақырыбында ата-аналар жиналысын өткізу, «Педагог – бала – ата-ана» бірлесуімен отбасылық дәстүрлер туралы әңгіме жүргізу; Қожа Ахмет Яссауидің 930 жылдығына орай, «Қожа Ахмет Яссауи мұраларын оқу» тақырыбында оқушылар арасында эссе мен жобалық жұмыстар жазу; Оқушылар арасында «Өнегелі өмір» тақырыбында эссе жазудан байқау өткізу, балалардың үздік жұмыстарын атап өту; Оқушылармен және олардың ата-аналарымен бірлесіп, «Денсаулық сақтаудың 6 шарты – таза ауа, дұрыс тамақтану, қозғалыс, тыныш ұйқы, жақсы көңіл-күй, күйзеліске түспеу» тақырыбында саламатты өмір салтын қалыптастыру бойынша іс-шаралар өткізу; «Әкеге ізет, анаға құрмет» тақырыбында «Жас ақындар айтысы» байқауын ұйымдастыру, жеңімпаздарын марапаттау енгізілді.

Айта кетейік, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жіберіледі.